17
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

РАНТ «Абу-Даби Плаза» кешенінде (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

РАНТ мүшелерінің келесі кездесуі «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешеніндегі құрылысшы қауымға арналды. Атап айтсақ, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, дінтанушы Бауыржан Отарбаев құрылысшыларға дін атын жамылған теріс ағымдарға арбауынан сақтану, шынайы ислам жайын түсіндірді. Дінтанушы Б.Отарбаев орыс тілінде экстремистік идеялардың алдын алу туралы кеңінен айтып өтті. 

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде ел тыныштығы, ауызбіршілік жайында оңды насихаттарын жеткізді. «Ақиқатында, шынайы дін адам баласын рухани кемелдікке жеткізеді. Ал ислам ешуақытта зорлық-зомбылыққа шақырмайтын, кемеліне жеткен дін. Теріс пиғылды ағымдардың пайда болуы шын мәнінде, діни сауатсыздықтан басталады. Ислам әсіредіншілдікке емес, әрқашан орта тұсын ұстануға, қоғаммен бірге қалыптасуға, бейбіт қатынаста болуға үндейді. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде Алла тағала «Шектен шықпаңдар. Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді» деп бізге айқын жол көрсетті. Кез келген нәрсені ақылға салып, байыппен шешу керек. Қазіргі әлемнің әр түкпірінде болып жатқан бүліктің басты себебі діни сауаттың олқылығынан екенін көреміз. Сауатты адам жаза баспайды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз сөзінде «Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек» деп, мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін ішкі иммунитетті қалыптастыру керектігін айтты. Біздің де айтарымыз, дін мәселесін осы салаға жауапты мекеме, тиісті уәкілетті орган бар, дін мамандары мен имамдардан сұрауларыңыз керек» деді наиб мүфти Н.Тағанұлы.

Кездесуде ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов қой терісін жамылған ағымдардың астыртын қайда апарып соғатынын және онан сақ болудың жолдарын түсіндірді. Тыңдаушылардың да сауалдарына дін мамандары орынды жауаптар берді.

Қорыта айтсақ, бүгін РАНТ насихаты жалпы саны төрт жүзге жуық адамды діни маңызды мәліметтермен қамтыды.


 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: