20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: «Береке бастауы – бірлікте»

Ел іші
Жарнама

Ардақты ағайын, қадірлі қазақ жұрты! Мінекей, тәуелсіз елдің көгінде ақ көгершін ұшырып, татулық пен достықты паш ететін көктемнің мерейлі мейрамы да мамырдың бірімен есік қақты.

Талайғы ғасыр бірге жасасып, дәм-тұзы жарасқан  Қазақстан халқының тату тұрмысы мен бейбіт  өмірі – Отанымыздың өлшеусіз басты байлығы. Бүгінде елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір Тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.  Бұл – ең әуелі Алла Тағаланың қазақ халқына деген шексіз мейірім-рахымының, онан соң қысылтаяң кезеңде ел тізгінін ұстап, бүгінгі биігімізге алып шыққан Елбасымыздың ерен еңбегінің және басшысына бойұсынып, бірлікті күзеткен қалың қазақ жұртының ауызбіршілігінің арқасында жеткен жетістігіміз деп білемін. 

Имандылықтың алтын ұясы болған асыл дініміз Ислам әрқашан тек бейбітшілікке үндеп, бірлікке шақырған. Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 103-ші аятында Хақ Тағала: «Барлығың Алланың жібінен ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер» деп біздерге бұйырады. Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес»дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын ескертеді.  Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне, бақ-дәулетіне қарап  бөлмеуге шақырады. Міне, дәл осы дініміз діттеген, Алланың бұйырған әмірі қазақ елінің өткені мен бүгінінен көрініс тауып келеді.

Бүгінде ел еңсесін биік ұстап, жүздеген ұлттар мен этностардың басын қосып, ұйымшылдыққа ұйыған мемлекет құрды.  Елбасымыз айтқандай, Отанымыздың  көпұлтты, түрлі этносты болуы кемшілігіміз емес, бәлки кеңшілігіміз болар.

Досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршіге мейірімді болған қазақ жұрты тағдырдың жазуымен елімізге пана іздеп келген ұлттарды құшақ жая қарсы алды. Қазан көтеріп, төріне шығарды, құрмет тұтты. Осындай кең пейіл қонақжайлығы қаймағы бұзылмаған қазақ елін заманның көшінен кейін қалдырмады.

Осы тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің бесігіне айналған Қазақ елінің ертеңі  үшін әрбіріміздің жауапты екенімізді жадымызда ұстайық. Хәкім Абай атамыздың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатын іске асыруда жұмылған жұдырықтай болуымыз керек.

Бірлік пен берекенің бастауы, кемел келешегі һәм мәңгі тұрақтар құт мекені Қазақтың байтақ даласы болғай деп тілейміз Жаратқаннан. Бірлігі бекем ел болайық!     1 мамыр – халықтар достығы мен бірлігі мерекесі қазақ жұртына құт болғай!

 

 Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының наиб мүфтиі,

«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы

 

 

 

Бөлісу: