19
Жұма,
Сәуір

һижри

Бас мүфти: Ас беру мәдениетін қалыптастыру қажет (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесінде «Жаназа» кітабын талқылау барысында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ас беру мәдениетін қалыптастыру керектігін мәлімдеді, деп жазады Muftyat.kz.

ҚМДБ төрағасы кей адамдар тұрмыстық жағдайды ескермей және дұрыс түсініктің болмауы себебінен кісі қазасынан кейін аста-төк Құдайы ас беретінін тілге тиек етті.

Тақырып төңірегінде теолог-ғалымдар  да ойларын ортаға салып, қарызға батып, дастарқанды тәтті тағамдарға, шырын сусындарына толтырып, той іспеттес етіп өткізетін жағдайлардың бар екенін айтып өтті.

«Тойдың жөні бөлек. Ал Құдайы ас берудің өзіндік әдебі, тәртібі бар емес пе? Шектен тыс шығынға батып, ысырап етуге болмайды. Мұны дініміз де құптамайды. Біз еліміз бойынша баршаға тиімді болатын Құдайы астың ортақ мәзірін әзірлеп, көпшілік қауымға ұсындық. Бұл бастамамызға ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Павлодар облысындағы орталық мешіттің асханасында осы ас мәзірі бойынша Құдайы ас беріліп келеді. Жергілікті жамағат игі бастама үшін алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізуде. Қолға алған жұмысымыз өзге де облыстарда жүзеге асады деген ойдамыз» деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Павлодар облысының өкіл имамы Нариман Исенов мешітке жергілікті халық арасынан: «Несие алып, Құдайы ас берсем бола ма?» деп сұрап келетіндер кездесетінін айтты. «Бұл – дінімізде құпталмайтын амал. Ал біз ұсынған жаңаас мәзірі асқа кететін шығынды екі есеге азайтады» дейді Н.Исенов.

Ғұламалар Кеңесінде талқыланып жатқан «Жаназа» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – мұсылман шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Садақалар, Құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс» делінген.

Айта кетейік, елімізде Құдайы ас, садақа беру, мазар салу, жерлеу, т.б. рәсімдерді бір ізге, бірыңғай жүйеге келтіру мақсатында әзірленіп жатқан «Жаназа» кітабы Ғұламалар Кеңесінің атсалысуымен жуырда жарыққа шықпақ.


 

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: