20
Сенбі,
Сәуір

һижри

«Берекелі рамазан» рухани кеші өтті (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Кеше Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» Елорда мешіттерінің ұйымдастыруымен «Берекелі Рамазан» атты рухани кеш болып өтті. ҚМДБ-ның бастамасымен қасиетті Рамазан айының құрметіне орай өткізілген рухани кешке Құрмаш Маханов, Төреғали Төрәлі, Бейбіт Құшқалиев, Қанатбек Полатбек, «Nomad» тобы сынды өнер жұлдыздары қатысып,  тағылымды ән мен ғибратты термелерімен кеш мәнін кіргізе түсті.

 

«С.Ғылмани» мешітінің бас имамы, қари Жұманазар Садырхановтың  қасиетті Құран аяттарын тиләуат етуімен ашылған кештің алғы сөзі Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына ұсынылды. Қасиетті Рамазанның басталуымен құттықтаған Ержан қажы Малғажыұлы ұлық айдың нығметтерін айта келіп, барша отандастарымызды сауапқа толы мүбәрак айды ерекше құлшылықпен өткізуге шақырды.

Кеш барысында «Хикмет» телерадиостудиясы даярлаған видеороликтер қойылып, жиналған жұртшылықтың толқынысын туғызды. Бұдан бөлек, Бейбіт Құсанбаевтың режиссерлігімен дайындалған Астана жастар театрының әртістері де «10 жылдық құлшылық», «Рамазандағы тендер» атты сахналық қойылымдар қойып, көрермендерді күлдіре отырып, терең ойға жетеледі.

ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарияланған «Дін жәнетарих тағылымы жылы аясында ұйымдастырылып отырған діни мүшәйраның жеңімпаздарын марапаттау рәсімі рухани кештің салмағын арттыра түсті. Сәуір айында тұсауы кесілген  «БЕС ПАРЫЗ ЖӘНЕ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ» атты діни мүшәйра еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен насихатталып, республика көлеміндегі ауқымды ақындар аламанына айналған еді. Аузында – Алласы, қолында қаламы бар қазақтың қанын қыздырған дүбірлі додағы жалпы саны 434 ақын қатысты. Тіпті, ғаламтор арқылы хабардар болған Моңғолиядағы қандастарымыз да хат жолдап, бәйге өлең қосты. Діни басқарманың қолдауымен «Әзірет Сұлтан» мешіті ұйымдастырған діни мүшәйра осылайша еліміздің сөз тізгінін ұстаған ақындар қауымының қаламынан қасиетті Рамазан қарсаңында тағылымды туындылар төгілуіне себеп болды.  Мүшәйраға өлеңдерді қабылдау мамыр айының 21-жұлдызында аяқталған болатын. Айтулы аламанға үкілеп өлең қосқан ақындар қауымының асыға күткен ақтық шешім Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен өткен кешегі  кеш барысында белгілі болды.

Елімізге белгілі атақты ғалым, академик Сейті Қасқабасов ағамыз бастаған қазылар алқасының жеңімпаздарды анықтау мақсатында бұған дейін алқалы отырыс өткізіп, авторлардың аты-жөні жазылмаған өлеңдерге өздерінің бағасын беріп, жүлдегер есемі ұпай саны бойынша белгілі болған болатын. Айта кетейік, әділқазылар алқасында елімізге белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілік, ҚР Парламентінің депутаты Бекболат Тілеухан, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз, белгілі ақын Қалқаман Сариндер болды.

Мүшәйра шарты бойынша көрсетілген екі бірдей тақырыпта өлең жолдап, өлең өлкесіндегі өзіндік қуат-қарымын танытқан жеңімпаз ақындар кеш барысында көрерменді жауһар жырларымен сусындатты. Кеш соңына дейін жабық конверт ішінде ешкімге белгісіз болған жеңімпаз есімін елімізге белгілі дін және қоғам қайраткерлері шығып, жұртшылыққа жария етті. Сайыстың ынталандыру жүлдесіне Мейіржан Әлібеков, Рауан Қайдаров, Салтанат  Қожа ,Бекарыс Нұримановтарға бұйырды. Ал, жүлде қоры 250 мың болатын ІІІ-орынға Тағайбек Тұрысбеков пен Біржан Ермекұлы жайғасты. ІІ-орын иеленген Ұларбек Нұрғалым мен Нұрбек Нұржанұлы кіші қажылыққа жолдама ұтып алды. Ал, үлкен қажылық жолдамасы І-орын алған Қуанышбек Шармановқа бұйырды. Сайысқа қатысқан 434 ақынның ішінен оза шапқан Серікзат Дүйсенғазинге Бас жүлде – автокөліктің кілті табысталды.


 

Muslim.kz

Бөлісу: