20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Дін ғалымы дүниеден өтті

Ел іші
Жарнама

Бүгін қазақ руханияты орны толмас қазаға душар болды. Тәуелсіз Қазақстанның дін саласында өзіндік орны, ғалымдық қолтаңбасы бар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан облысы «Сарыағаш» медресесінің директоры Абдусаттар Сманов өмірден өтті.

Ұлағатты ұстаз асыл дінімізді насихаттауға өз өмірін арнап, шәкірт тәрбиелеу ісінде үлкен із қалдырды. «Сарыағаш» медресесіне жетекшілік еткен бірнеше жылдар ішінде ол көптеген білімді де білікті мамандарды әзірледі. Ғалымның тәлімін алған шәкірттер бүгінде республиканың әр аймағында дін қызметін абыроймен атқарып келеді. Абдусаттар Сманов осындай шәкірттерімен қатар артына бүтін бір ғылым ордасын, салиқалы отбасын және дін жолында қызметте жүрген балаларын қалдырды.

Сманов Абсаттар Шәкірұлының қысқаша өмірбаяны.

Абдусаттар Сманов 1966 жылы 5 қарашада Шымкент облысы Сарыағаш ауданы, Ленин совхозында (қазіргі ОҚО Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округі Ынтымақ елді-мекенінде) дүниеге келген. 1973 жылы М.И.Калинин атындағы орта мектепке барып 1983 жылы бітірді.

1984-1986 жылдары әскери борышын өтеді.

1987 жылы еркін күрестен спорт шебері кандидаттығын орындады.

1987-1989 жылдары аралығында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Сарыағаш балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде қазақша күрестен жаттықтырушы болып қызмет етті.

1989-1993 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласындағы Имам әл-Бұхари атындағы Жоғары Ислам институтын үздік дипломмен тәмәмдады.

1995-2002 жж. «Таяқты Ешан» мешіті жанындағы сауат ашу курсын басқарды.

2002-2004 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасын үздік бітірді.

2004-2010 жылдар аралығында осы медреседе сауат ашу курсын басқарды.

2009 жылдан ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі.

2008-2010 жылдар арасында Құран Кәрімді толық қазақ тіліне аударды. Осы аударма химия ғылымының докторы Дияс Мырзақожаның демеушілігімен Малайзияда 2010 жылы 10000 данамен басып шығарылды.

2010 жыл 29 сәуірде ҚМДБ төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұйрығымен «Сарыағаш» медресесінің директоры болып тағайындады.

2011 жылы 17 мамыр күні «Руханият»Халықаралық мұсылман университетінің Ғылыми кеңесі теология профессоры академиялық атағын берді. 2016 жылы 28 қаңтардан бастап «Сарыағаш медресе колледжінің» директоры.

Дін ғалымының өмір жолы, өнегелі өсиеті, уағыз-насихаттары кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі болады деген сенімдеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешіті ұжымы, сондай-ақ елордалық жамағат атынан марқұмның отбасына және туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Мейірімі шексіз Алла Тағала көрнекті дін қайраткері, асыл ұстаз Абдусаттар ағамызды өз рақымына алып, жанын жәннаттан еткей.  

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: