29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Елбасы: Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңа тарихы басталады

Ел іші
Жарнама

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесі отырысының жұмысын ресми түрде ашты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мен сіздердің Астанаға келгендеріңізге қуаныштымын. Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 16 жыл толады. Осындай сәттерде өткен тарих еске оралады. Ұйым осы уақыт аралығында халықаралық деңгейде мойындалды. Өңірдегі қауіпсіздікті сақтау, елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынасты тереңдету, мәдени-гуманитарлық жұмыстарды кеңейту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиісті құқықтық база қалыптасты» деді Президент.

Осы орайда Қазақстан Президенті Астанада маңызды құжатқа қол қойылатынын атап өтті. Ол – ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістан мемлекеттерін толыққанды мүше ретінде қабылдау.

«Астанадағы саммитте біздің ұйымның жаңа тарихы басталады. Отырыс 6 жақты кездесу ретінде өтіп отыр. Бүгін біз Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасын ұйымға мүше етіп қабылдау келіссөздерін аяқтап, қос мемлекетке ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау шешіміне қол қоямыз. Жаңа мүшелерді қабылдау ұйымның дамуына тың серпін беріп, оның халықаралық беделін көтереді» деді Елбасы.

Сонымен Нұрсұлтан Назарбаев 5 мемлекет басшысымен ғаламдық індет – терроризммен бірігіп күресу мәселесін талқылайтынын жеткізді. Осы мақсатта арнайы құжатқа қол қойылады.

«Бүгінде ШЫҰ әлемдегі геосаясат пен халықаралық экономиканың негізгі трендін ескереді. Осы мақсатта жүйелі жұмыстар атқарылады. Әсіресе бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін сын-тегеуріндер мен қауіптерге баса мән беріледі. Аталмыш саммитте халықаралық терроризммен бірігіп күресу мақсатындағы өтініштер мен экстремизмге қарсы іс-қимыл конвенциясына қол қойылады деп жоспарланып отыр» деді Н.Назарбаев.

Сөз соңында Қазақтан президенті ШЫҰ-да әлем үшін өзекті де ауқымды мәселелер талқыға түсетінін тілге тиек етті.

«Бүгінгі саммиттің күн тәртібі мемлекет басшылары, Сыртқы істер министрлігімен және басқа да қатысушылардың келісімімен қабылданған. Сұрақтар ШЫҰ ғана емес, әлемдік өзекті және ауқымды мәселерді қамтиды. Сондықтан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесі отырысын ашық деп жариялаймын» деді Елбасы.

Маңызды жиынға 8 мемлекеттің президенті, 2 елдің үкімет басшысы, Иранның Сыртқы істер вице-министрі, БҰҰ, ШЫҰ және түрлі халықаралық ұйымдардың басшылары қатысуда.

ШЫҰ саммитінде Үндістан мен Пәкістанды ұйымға толыққанды мүше етіп қабылдау мәселесі талқыланады.

Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері мүше. Ал Үндістан мен Пәкістан ұйымға бақылаушы ел мәртебесіне ие.

Shan2

Shan3

Shan4

Shan5

Shan6

Shan7

Бөлісу: