26
Жұма,
Сәуір

һижри

Елбасы: Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың белгісі емес

Ел іші
Жарнама

Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың белгісі емес. Бұл туралы кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада отандық және Қазақстанда тіркелген шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Кездесу барысында Елбасы елімізде өткен халықаралық іс-шараларды қорытындылап, бірқатар өзекті сұрақтарға жауап берді.

– Дүниеде неше түрлі діни ағымдар бар. Сирияда қақтығыстар болып жатыр. Олар әр жерден жастарды шақырды. Ақша төлеп, соғысқа бейімдеді. «Елдеріңе қайтып, лаңкестік жасаңдар» деп үйретіп жатыр. Бізден де барып жатқан адамдарды білемін. Ол жастар бұл жерде өз орнын таба алмаған, не жұмысқа орналаспаған, не білім алмаған. Ақша төлейміз дегенге алданып қалады да ол жаққа жанұясын да апарады. Сосын кете алмайды. Қазір ол жақта барлығын бомбалап жатыр. Елді-мекендерде елуін, қырқын өлтірдік деп хабарлап жатыр. Олардың ішінде біздің де балалар бар. Ондай жолға түспесе деймін. Біздің жастар үшін ол жақта ешқандай болашақ жоқ.

Бұрын да айтқанмын, қазір де айтайын. Қазақтың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымын жіберіп, шолпысын сыңғырлатып жүретін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жүріп соғысқан, қолына найза алған. Сонша ғасырлық тарихымызға, дәстүрімізге қарамай бүгін басқаша жолға түсеміз бе? Шалдардың шолтитып шалбар кигенін қайдан көрдіңіздер? Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың белгісі емес қой. Ол Құранның қай жерінде жазылыпты? Онда тұрған қандай ерекшелік бар? Оған кім қызығады? Ол біздікі емес. Ол салтымызды бұзады. Мен бұл туралы бір рет айттым. Мен айтқанын орындататын адаммын. Сондықтан жастарға осылардан аулақ болыңдар деймін, - деді Мемлекет басшысы. 

ummet.kz

Бөлісу: