05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

ҚМДБ: Қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне ауызашар беріліп, дұға жасалады (фото)

ҚМДБ: Қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне ауызашар беріліп, дұға жасалады (фото)

Ел іші
Жарнама

1 маусым. АСТАНА. Ummet.kz -  Ел мешіттерінде қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне ауызашар беріліп, дұға жасалады, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Бүгін Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен облыс, қала мешіттерінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай 1930-1950 жылдарда зұлмат заманның тауқыметін тартып, жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына қасиетті Құран аяттары бағышталып, арнайы ауызашар беріледі.

Ауызашар дастарханында ұлттың болашағы үшін шейіт болғандардың күреске толы өмірі мен ғибратты, сауапты амалдары жайлы насихат айтылып, дұға жасалады.

Жуырда Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Ресей Федерациясына жасаған ресми сапары барысында Мәскеу қаласындағы «Дон» қорымын зиярат етіп, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының рухына Құран бағыштап, дұға жасаған болатын.

Қорымды зиярат ету рәсіміне Мәскеуде оқып жатқан қазақ жастары да қатысты. Оларға насихат айтқан Бас мүфти:

«Халқымыздың басынан талай нәубетті замандар өтті. Ұлт қамын қарақан басының мүддесінен жоғары қоя білген кешегі Алаш арыстары еліміз бен жеріміздің ертеңі үшін өзін құрбан етті, шейіт болды. Алла Тағала ел үшін опат болған бабаларымызды өз рақымына бөлегей. Олардың күреске толы өмірі ұрпақ үшін қашан да өшпес өнеге болып қала береді. Аллаға шүкір, олар көре алмай кеткен тәуелсіздікті біз көріп отырмыз. Міне, тәуелсіздік жолында шейіт болғандардың арман-тілегі орындалды. Ендеше, бүгінгі егемен елдің жастары үшін намыс, білімге құштарлық, имандылық сынды мінез керек. Бүгінгі бейбіт заманның күрескер азаматтары осындай болуы қажет», – деді.

 

 

Бөлісу: