20
Сенбі,
Сәуір

һижри

«Маған орамал сыйлаңыз» атты көрме өтті

«Маған орамал сыйлаңыз» атты көрме өтті

Ел іші
Жарнама

6 қараша. АСТАНА. Ummet.kz –  Әнге де, жырға да арқау болған түбіт шәлі шешелеріміздің басына әбден жарасып қалатын. Олар салқын, жел-құз тимейді деп оны белдеріне де орап алушы еді. Ақтөбе облыстық өнер музейінде «Маған орамал сыйлаңыз» атты тақырыппен өткізілген Орынбордың түбіт орамалының көрмесі оған деген сұраныс пен қызығушылықты бұрынғысынан да арттыра түскендей әсер қалдырды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Көрмені Орынбор облыстық Достық үйі мен «Бәйтерек» қайырым­дылық қоры және Ақтөбе облыстық әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Оған 200-ден астам түбіт өнімдері қойылды. Осы арада Орынбордың түбіт орамалының тарихы ХVIII ғасырдан басталатынын айта кеткен жөн. Қолда бар деректер Орынбордың түбіт орамалы тұңғыш рет 1857 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеге қойылғанын көрсетеді. Ал бұдан 5 жыл өткен соң, Лондонда өткен көрмеде орынборлық Ускова деген тоқымашы ешкі түбітінен тоқылған шәлі орамалы үшін арнайы медальмен марапатталған екен. Орынбор брендінің басты бір ерекшелігі, тап-таза ешкі жүнінен тоқылуында. Бұған талшықтай да жіп араластырылмайды.  Көрмеге қойылған түбіт өнімдерінің қай-қайсысы да көздің жауын алғандай.

Әйтсе де бұлардың арасында есімі Орынборға ғана емес, көршілес елдерге де кеңінен танымал қандасымыз Ғалия Әпсаламованың қолынан тоқылған түбіт орамалдар тіптен ерекше деуге болады. Оның айтуынша, соңғы жылдарда бұрынғы кеңестік кеңістіктегі тұрғындар арасында таза табиғи өнім – түбіт шәлілерге деген сұраныс артып келеді. Өрнектердің түрі мен әрленуіне қарай оның бағасы да әртүрлі.  Жоғарыда аталған Орынбор облыстық Достық үйі мен «Бәйтерек» қайырымдылық қорының төрайымы Сәуле Тайекешованың айтуынша, Ақтөбеде өткізілген көрмеге шәлі тоқитын шеберлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдары әкелінген. Бұл өнімдер сериялық тәсіл арқылы фабрикадан шыққан түбіт орамалмен салыстырғанда сапасы әлдеқайда жоғары екені анық.

Бөлісу: