28 ақпан. АСТАНА. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанада Сауд Арабия Корольдігінің еліміздегі Төтенше және Өкілетті елшісі Захер Бен Мутиш Әл-Әнесимен кездесті, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Кездесуде діни саладағы екіжақты ынтамақтастықты арттыру, қажылық маусымы кезінде үйлестіру-ұйымдастыру жұмыстарын бірлесе жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бас мүфти қажылық маусымы кезінде Қазақстан азаматтары үшін виза шығару, құжаттарды рәсімдеу сынды жұмыстарға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан мәртебелі мейманға, елшіліктің қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Тараптар діни экстремизм мен терроризмнің кез-келген түрлері мен көріністерін айыптауға, осы бағытта ұжымдық күш-жігерді жұмылдыруға уағдаласты.
Серікбай қажы Сатыбалдыұлы сұхбат барысында Қазақстан және Ресей мұсылмандары діни басқармаларының ұйымдастыруымен Астана қаласында 2019 жылдың 11 сәуірінде «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері алдында» атты IV халықаралық ғылыми-теологиялық конфереция өтетінін жеткізді.
2019 – «Жастар жылы» қарсаңында өтетін конференцияда жас жеткіншектерді қазіргі сын-қатерлерден сақтау, теріс ағымдардың арбауынан құтқару, діни экстермизмді алдын алу, жас буын өкілдерін ғылымға баулу, мұсылмандық пен адамгершілікке жат әрекеттерден алыс болуға үндеу, т.б. мәселелер талқыланатынын баяндады. Сонымен қатар елшіні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы мен бағыт-бағдарынан хабардар етті.
Кездесу соңында Захер Бен Мутиш Әл-Әнеси өзін арнайы қабылдап, сұхбаттасуға мүмкіндік жасаған Бас мүфтиге алғысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.