17
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Түркістанда Әл-Фараби туралы анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті

Түркістанда Әл-Фараби туралы анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті

Ел іші
Жарнама

15 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің кітапханасында Әл-Фарабидің балалық шағы жайында «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды oninfo.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Фильмді Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен «Оңтүстікфильм» КММ-сі мен «САҚ» киностудиясы түсірген.
Бұл фильмде әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің балалық шағы, білімге деген алғашқы қадамы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы сипатталады. Білімін ел игілігіне жұмсаған ғұламаның өз еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттелген. Тарихи деректерге сүйенсек, Әл-Фараби қазіргі Отырар ауданы аумағындағы Оқсыз қалашығында дүниеге келген. Сондықтан фильмнің аты да «Оқсыз оқиғасы» деп қойлыған. 3D форматта әзірленген фильмнің ұзақтығы – 25 минут. Режиссері – Нуриддин Паттеев, сценариін жазған Бақытжан Құлжабай, композиторы Әйтеке Көптілеу, қоюшы суретшісі Самат Нұралиев.
Анимациялық фильмді түсірудегі мақсат – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, адал әрі білімді болуға шақыру. Ұлы тұлғаларға, тарихқа деген құрметті ояту.
Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған жиында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт руханиятына оң серпін беретін іс-шаралар бойынша көшбасшылар қатарында. Сонымен бірге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді орындау бағытында да жұмыстар қолға алынған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығына арналып өткізілген басқосуда фильм режиссері Нуриддин Паттеев те осы бағыттағы фильмдерді түсіру жұмыстары жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, «САҚ» киностудиясы өткен жылы облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін, «Ордабасы – бірліктің туы» фильмдерін жұртшылыққа ұсынды. Жақында «Түркістан» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикая да көрерменге жол тартады.

Бөлісу: