19
Дүйсенбі, Тамыз

һижри

Хан Кене әскерінің ізімен: Торғайдан Созаққа дейін атты экспедиция шықты

Хан Кене әскерінің ізімен: Торғайдан Созаққа дейін атты экспедиция шықты

Ел іші
Жарнама

23 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – «Қазақ эпос» компаниясының ұйымдастыруымен Торғайдан Түркістан облысының Созақ ауданына атты экспедиция жолға шықты, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

20 сәуір күні сағат 08:30-да жолға шыққан үш адамнан тұратын топ 900 шақырымнан астам жолды 1 апта көлемінде еңсермек. Экспедицияның басты мақсаты – Елбасының«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын іс жүзінде жүзеге асыру, қазақтың тарихын жаңғырту, атқа міну мәдениетін насихаттау.

Айта кетейік, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» қазақтың соңғы ханы Кенесарының Торғайдан Созаққа жылына бір емес, бірнеше рет барып келетіні туралы айтылады. 800 шақырымнан астам жолды оның әскері 1 аптаның көлемінде жүріп отырады екен.

«Егер хан Кене қазіргі заманда өмір сүрсе, біз оның әскерінің қатарында болуға жарар ма едік, ол 1 аптада еңсерген жолды біз де жеті күн ішінде жүріп өте аламыз ба? Хан мен ханның әскері қандай қиындықтарға тап болды, қай жерлерге тоқтады – осының бәрін өз басымыздан өткізіп, тарихымызды қайта жаңғыртуды мақсат етіп отырмыз», - дейді экспедиция жетекшісі Бақытжан Тұрлыбек.

Сонымен қатар, топ мүшелері қазақта ежелден қалыптасқан атқа міну мәдениетін жандандырып, оны насихаттауды да көздеп отырмыз дейді.

Олай деуі бекер емес, жылқы жануары қазіргі қазақ даласын мекендеген халықтармен тығыз байланысты. Қазақстанның аймақтарында жүргізілген археологиялық қазбалардан көз жеткендей, жылқылар әлемде ең алғаш рет дәл осы Ұлы далада қолға үйретілген. Кейін ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан да өз орнын тапты.

Taraz 2 640x426

Еске салайық, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бірінші қыры – атқа міну мәдениетіне бағытталған. Жылқылар көшпенділер тұрмысының ажырамас бір бөлігіне айналып қана қойған жоқ, бұл жануар қолға үйретілгеннен кейін бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.

Кенесары хан өлтіріліп, қазақ даласын Ресей империясы толықтай отарлап алғаннан кейін халқымыз атқа міну мәдениетінен де ақырындап қол үзе бастады. Бұл процесс коммунистер тарих сахнасына шыққанда тіпті жеделдеп, кешегі сексенінші-тоқсаныншы жылдары қазақ атқа мінуден мүлдем қалды деуге де болады.

«Атқа міну мәдениетін жандандырудағы мақсатымыз – қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты оятуға аз болса да үлесімізді қосу, тарихымызды жаңғырту. Қазіргі жастар тек бір бағытта ғана дамымай, бабалардан қалған рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өссе ғана қалыптасқан «Мәңгілік елге» айнала аламыз», - дейді Б.Тұрлыбек.

Айта кетейік, үш адамнан тұратын экспедиция 4 жылқымен жолға шықты. Олар 27 сәуір күні Созақ жеріне аяқ басуды көздеп отыр.

Бөлісу: