29
Жұма,
Наурыз

һижри

Тоқаев: Хакім Абайдың туған жері ірі орталыққа айналуы тиіс

Тоқаев: Хакім Абайдың туған жері ірі орталыққа айналуы тиіс

Ел іші
Жарнама

29 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның дара тұлғасы - халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық екендігін баса айтты, деп хабарлайды ult.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласындағы жұмыс сапары барысында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы жайында сөйлескен еді. Бұл жайында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында жариялаған болатын:

«Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат - дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын. Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы»,  - деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Хакімнің туған жеріне көңіл бөліп, заманға сай жаңғырту жұмыстары жасалу керектігіне баса назар аударды.

«Дүние жүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай - қазақтың біртуар перзенті. Жидебайдағы кешенді жаңғыртып, инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет. Хакім Абайдың туған жері дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қарсы алуға лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Жергілікті басшылар осы маңызды мәселеге назар аударуы қажет. Бұл - бабалар алдындағы борышымыз әрі өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге. «Рухани жаңғыру», түптеп келгенде, осы міндетті жүрекпен сезініп, ешқандай нұсқаусыз орындау екенін біз терең түсінуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарында  Жидебай ауылындағы Абайдың мұражай-үйіне және «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешеніне барды. Сонымен бірге, облыс әкімдігіне Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы қажет екендігін айтты.

«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол - Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу: