28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

«АЛЖИР» мұражайында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі өтті

«АЛЖИР» мұражайында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі өтті

Ел іші
Жарнама

31 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жыл сайынғы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» форумына қатысушылар Ақмола облысының, Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барды, деп хабарлайды baq.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Бұл жерде Еске алу тақтасына гүл қою рәсімі мен еске алу митингісі өтті.

«Құрметті қауым, ардақты ағайын! 31 мамыр, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні – барша қазақстандық үшін қастерлі күн. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде осыған орай түрлі іс-шаралар өткізілуде. Біз де осындай парызымызды орындау үшін «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне жиналдық. Тарихи деректер бойынша, 1932-1933 жылғы аштықтан қазақ халқының 2 миллионнан астамы, жалпы халықтың 42%-ы жазықсыз құрбан болған. Ашаршылықтан кейінгі 37-38 жылдардағы сталиндік репрессиялау да халқымыз үшін өте ауыр соққы болды. Жүз мыңнан астам адамға «халық жауы» деген таңба тағылды. Олардың көбі атылып кетті, қалғандары лагерьлердің бар азабын бастан кешті. Қуғын-сүргінге ұшырағандарадың алғы шебінде Алаш арыстары мен қазақ зиялылары құрбан болды. Халқының болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен ата-бабаларды қастерлей білу – перзенттік борыш болуы тиіс. Алаш қозғалысының өкілдері мен қазақ зиялылары құрбан болды. Жазықсыз құрбандар рухына бас иіп, тағзым ету – баршамыздың парызымыз. Бұл іс-шара – қуғын-сүргін ауыртпалығы ешқашан қайталанбауы үшін, болашақ ұрпақты өткен кезеңнің қасіретті беттерінен хабардар ету мақсатында өткізіліп отыр», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев.

WhatsApp Image 2019 05 31 at 14.39.33 1

Іс-шараға қатысушылар Музей экспозициясымен, «АЛЖИР» мұражайының бірегей экспонаттары» жылжымалы көрмесімен танысты және қонақтар назарына «АЛЖИР-дің жан төзгісіз ызғары» деректі фильмі ұсынылды.

«Қадірлі қауым, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын рухына жиналғандарға тағзым етуге жиналған ардақты әлеумет! Бүгін қасиетті де, қасіретті күн. Қасіретті болатыны – біз осы күні мыңдаған ата-балаларымызды, алаш боздақтарын еске аламыз. Солардың қиналған жанын, төгілген жасын көз алдымызға елестетеміз. Қасиетті болатыны – осы күні бұл бабаларымыздай ұлтқа, елге қызмет етсек деп ұмтыламыз. Қапиза Қадырқызы әжем ашаршылықты көзімен көргенін айтып отыратын. 1931 жылғы аштықта, әжем бес жаста болған кезде оның отбасы Баянауылдан Қарағандыға жаяу қалпы жеткен екен. Сонда қазақтар өзінің туған балаларын арқалап жүруге мүмкіндігі болмай, тасқа байлап, суға тастап кетеді екен. Менің 5 жасар әжемді ата-әжесі Қарағандыға дейін көтеріп жеткізіпті. Сол кезде жарық дүниені көре алмай қалған қаншама ұрпақ бар еді?! Біз бүгін соларды еске алып жатырмыз. Қуғын-сүргін, ашаршылық болмағанда қазір қазақтың саны қанша болар еді?! Қазір қазақтың рухы қандай деңгейде болар еді?! Міне, сол үшін де бүгін біз үшін қасиетті де, қасіретті күн! Біз ХХ ғасырда, 1930-1950 жылдары ұлтымызға қастық жасалған қуғын-сүргінді ешқашан ұмытпаймыз, санамыздан өшірмейміз. Тағзым етуге келгендеріңізге алғыс айтамыз. Қазақ халқы «Өлі разы болмай тірі байымайды» дейді. Мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбасын. Халқымыз аман, рухымыз асқақ, еліміз бүтін болсын!», - дейді алаш қайраткері, жазушы, драматург, ғалым Қошмұхамбет Кемеңгерұлының шөбересі Қайырбек Кемеңгер.

Кеше басталып, бүгін жалғасын тапқан форумды Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруда.

WhatsApp Image 2019 05 31 at 14.39.31

WhatsApp Image 2019 05 31 at 14.39.32

WhatsApp Image 2019 05 31 at 14.39.33

Бөлісу: