26
Сәрсенбі, Маусым

һижри

«Әзірет сұлтан» мешітіндегі жазғы сауат ашу курсына 400 бала қабылданды (ФОТО)

«Әзірет сұлтан» мешітіндегі жазғы сауат ашу курсына 400 бала қабылданды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

12 маусым. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

8 мен 15 жас аралығындағы 400 оқушы енді үш апта бойы еліміздің Бас мешітінде діни сауат жетілдіріп, жазғы демалыстарын пайдалы өткізетін болады. Осы орайда мешіт ұстаздарының мәжілісінде бекітілген оқу жоспарына сәйкес өткізілетін Құран әліппесі мен Имандылық әліппесі, Әдеп және Дұға сабақтары бүлдіршіндердің білім алып қана қоймай, тәрбие мен әдептілікті бойына сіңіріп шығуына септігін тигізетін болмақ.

«Имани жаз» деп аталатын бұл игі шараның басталуына орай бүгін арнайы ашылу салтанаты болып өтті. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау лебізін білдіріп, бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жазғы сауат ашу курсының бағдарламасына сәйкес арнайы әзірленген оқулықтар жайлы ақпарат беріп, ата-аналар мен оқушыларға биылғы «Имани жаз» курсының ерекшеліктері жайлы түсіндіріп өтті.

Мешітке келуші жамағат ата-аналардың өтініші бойынша іске қосылған «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсының жемісті жұмыс жасап келе жатқанына биыл бірнеше жылдың жүзі болған. Бүгінде еліміздегі барлық ірі мешіттерде жалғасын тапқан игі шараның жыл санап ауқымы кеңейіп жатқаны көңіл қуантады. Республикалық Бас мешіттегі биылғы жазғы сауат ашу курсына қабылданған балдырғандар саны да былтырғыдан арта түсіп, 400-ге жетіп отыр.

Айта кетейік, «Имани жаз» курсы аясында балдырғандар үшін түрлі білім жарыстары ұйымдастырылып, шаһардағы мәдени орындарға саяхат жасалатын болмақ.

Бөлісу: