25
Жұма,
Қазан

һижри

Алматыда «Ислам энциклопедиясының» таныстырылымы өтті

Алматыда «Ислам энциклопедиясының» таныстырылымы өтті

Жаңалықтар
Жарнама

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Ислам энциклопедиясы» кітабының таныстырылымы өтті. Салтанатты іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, жазушылар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосуда сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біз елімізге белгілі 50-ге жуық ғалымды жинап, арнайы жұмыс тобын құрдық. Осы жұмыс тобының көмегімен ғылыми негіздемесі бар «Ислам энциклопедиясын» жасақтадық. Еңбекте ғылыми деректер мен нақты мәліметтер қамтылды. Кітапты дайындау барысында сөзтізбе жасау, мәліметтер базасын жасақтау, жинақталған мәліметтерді жүйелеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылды. Ислам діні ақида, фиқһ, Құран және тәпсір, хадис, тасаууф, Ислам тарихы секілді бірнеше саладан тұрады. Соған қарай әр саланың өзіндік атау-ұғымдары, өзіне тән кәсіби сөздері бар. Міне, осы ерекшеліктер де ескерілді.

Ислам тарихы мен өркениеті, мәдениеті мен әдебиеті, сонымен қатар күллі мұсылман халқына ортақ ұғымдар мен атаулар қамтылды. Ұлы Дала төсіндегі Ислам тарихынан бастап (Қарахан мемлекеті, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Алашорда үкіметі, Кеңес заманындағы және Тәуелсіз Қазақстан), қазақ топырағынан шыққан тарихи тұлғалар, дін қайраткерлері, қасиетті жерлер мен киелі мекендер туралы мағлұматтар да енгізілді. Қазақтың діни-ағартушылық саласында өз ізін қалдырған ахундар, ишандар, қазилар, мүфтилер, имамдар да қамтылды», – деді.

Салтанатты іс-шарада белгілі жазушы Смағұл Елубай, Әшірбек Мүминов сынды ғалымдар іргелі еңбек жайлы пікірлерін білдірді.

Айта кетейік, «Ислам энциклопедиясы» діни сала қызметкерлері мен ізденуші шәкірттер, ғалымдар және жалпы оқырман қауымға арналған.

Бөлісу: