11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алматыда қос мешіт қатар ашылды (фото)

Алматыда қос мешіт қатар ашылды (фото)

Жаңалықтар
Жарнама

Өткен аптаның қасиетті жұма күні Алматы қаласындағы Алатау және Түрксіб аудандарында 2 мешіт салтанатты түрде ашылып, қала тұрғындарына пайдалануға берілді.

Имандылық үйлерінің ашылуында наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаев, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Алатау ауданының әкімі Т.Малыбаев, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ә.Айдарбекұлы, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Е.Айтбайұлы аудан тұрғындарын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап сөз сөйледі. Наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. «Түрксіб ауданында жаңадан бой көтеріп, ел игілігіне беріліп отырған құлшылық үйі құтты болсын. «Тәубе» сүресінің 18-аятында: «Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады. Міне олар шын мәнінде тура жол тапқандар», - деп айтқанындай, тура жолға бастап мешіт салған кәсіпкер Болат Сағынтайұлына Алла разы болғай. Дәстүрлі дінімізді дәріптейтін құтты мекенге айналғай», - деп тілек білдірді наиб мүфти. 

Сәулеті жарасқан бұл мешіт – Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, Қайрат шағын ауданы, Береке-2 тұрғын үй алабында орналасқан. ҚМДБ шешімі бойынша бұл мешітке – «Сағидолла хазрет» атауы берілді. Мешітті салған – жеке кәсіпкер Тұрғамбаев Болат. Сыйымдылығы – 250 адамға арналған. Құрылысы 2020 жылы басталып, 2024 жылы аяқталды.

Ал екінші ашылған құлшылық ордасы Алматы қаласы, Алатау ауданы, Томирис шағын ауданы, Шынқожа батыр көшесі, 54 мекен-жайында орналасқан. ҚМДБ шешімі бойынша бұл мешітке – Алланың 99 көркем есімдерінің бірі «Әл-Ләтиф» атауы берілді. Мешіттің бой көтеруіне атсалысқан Томирис шағын ауданының тұрғындары. Сыйымдылығы – 350 адамға арналған. Құрылысы 2023 жылы басталып, 2024 жылы аяқталды. 

«Бүгін Алматы қаласында қос бірдей мешіт қала мұсылмандарына пайдалануға беріліп отыр. Осылайша мешіт саны 56-ға жетті. Мешіт - құлшылық мекені болумен қатар халықтың отбасылық сұрақтарына жауап беретін һәм қоғамның салауаттылығына қызмет ететін орын. Томирис шағын ауданының тұрғындары ауызбіршілік танытып, бір жылдан астам уақыттың ішінде осындай керемет мешітті салып шықты. Атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіремін», - деп атап өтті шаһардың бас имамы Төлеби Оспан.

Қос мешітте де демеушілер мен жанашыр жандарға алғыс хаттар мен сый-сыяпат ұсынылды. Бас мүфти атынан жаңа мешіттерге мүфтият баспасының кітаптар жиынтығы мен Құран аяттары жазылған картиналар табысталды. Ақсақалдар мен аудан тұрғындары жап-жаңа мешіттерде жұма намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасады. Алла Тағала аталмыш мешіттердің ел ынтымағы мен бірлігіне және діни сауаттылықты арттыруға қызмет етуін нәсіп еткей! 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу: