Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтау қаласында «Қазақ даласындағы отбасы институты» тақырыбында өткен республикалық конференцияда баяндама жасады.
«Мен осы ретте қазақ отбасындағы жас балалардың үлкендердің қолына су құйып, батасын алу дәстүрінің ұмыт бола бастағанын баса айтқым келеді. Бұл дәстүр тазалық пен әдептің, тәрбие мен тағылымның негізі болатын. Асылында Ислам дініндегі шариғат заңдарын түсіндіретін кітаптардың көпшілігі ең әуелі «Тазалық» деген баптан басталатыны да біраз жәйттен хабар береді. Сондай-ақ тамақ ішерден бұрын және тамақтанып болған соң қол жуу дініміздегі басты әдептердің бірі саналады.
Қолға су құю қызметінің жас балаларға жүктелуі де тегін емес. Өйткені үлкен өмірге бет алған жас баланың үлкеннің батасын алуы өте маңызды. Батаменен ер көгереді деген қағида да осы жерде көрініс табады. Қолын жуған кісілер «Өркенің өссін!», «Көп жаса!», «Бақытты бол!» деген дұға-тілектерін жаудырады. Көпшіліктің дұғасы қабыл деген сөз бар. Демек қолға су құюдың маңызы жеке тазалық мәселесінен әлдеқайда биіктеп кетеді.
Бұл дәстүрдің мазмұнында кісі сыйлау, қонақ қадірлеу, үлкенге ізет көрсету сияқты көптеген мәні терең мінездер жатыр. Демек, бұл жоралғының жастарды тәрбиелеудегі рөлі де ерекше. Бұл – ең әуелі «Тамақтанар алдында қолдарыңды жуыңдар» деген Пайғамбар өсиеті орындалатын сүннет амал. Сондықтан дініміз бен дәстүрімізде сан ғасырдан бері қалыптасқан осы дәстүрді қайта жаңғыртуға баршамыз үлес қосайық» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Конференцияға қатысқан зиялы қауым өкілдері отбасы құндылығын арттыру жайлы баяндама жасады.