Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына барған сапарында Ақтау қаласында мүгедектігі бар жандармен жүздесті.
Брайль әдісімен тұрақты Құран оқып келе жатқан жандарға насихат айтқан ҚМДБ Төрағасы: «Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта береді. Осы ретте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына бір хадис адамға ерекше ой тастайды: «Шын мәнінде, Құранның мысалы – аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Ал егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы».
Құранды ашып, оны оқып, аяттардың мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Құран оқыған сайын бойымызда сабырлық, байсалдылық, қарапайымдылық, кез-келген кісімен көркем мәміле жасай алатын жақсы мінез қалыптаса бастайды» деді.
Айта кетсек, жыл басында Бас мүфти дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамасында зағип жандардың брайль әдісімен Құран оқуына жағдай жасауды тапсырған болатын.