Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен дін мен дәстүр аясында «Ырыскелді қажы» мешітінде шәкірттер арасында «Білімді мыңды жығар» білім сайысы өтті.
Шараға Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры Мақсат Алпысбес, «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Рсымов және елорданың дін қызметкерлері мен жамағаты қатысты.
Әртүрлі кезеңдерден тұратын білім сайысында қатысушылар командаларға бөлінген түрде өз білімдерін сарапқа салды. Олар экран арқылы өздері таңдаған ұяшықтан шыққан сұрақтарға шектеулі уақыт ішінде жауап беруге тиіс болды. Нәтижесінде шариғат пен салт-дәстүрді ұштастырған сан алуан сұрақтардың жігін тарқатып, ұйымшылдықтың арқасында тапқырлықтары мен өнерлерін де ортаға салды. Сондай-ақ, командалар сайыста өз қолдарымен жасап шыққан қолөнер бұйымдарын көрсетіп, «Дін мен дәстүр» үшінші кітабынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысын қазылар алқасы анықтап, 1,2,3 орынға ие болған командаларға 50 000 ₸, 30 000 ₸, 20 000 ₸ көлемінде ақшалай сыйақылар берілді. Және арнайы алғыс хаттар табысталды.
Сайысқа қатысқан елордалық мешіт командалары:
1. «Әзірет Сұлтан» мешіті - «Ақ орда» тобы;
2. «Ақмешіт» мешіті - «Алаш» тобы;
3. «Әл-Фәттаһ» мешіті - «Тұран» тобы;
4. «Көктал» мешіті - «Алтын орда» тобы;
5. «С. Ғылмани» мешіті - «Қарашаңырақ» тобы;
6. «Рахымқызы Раиса ана» мешіті - «Ілгері» тобы;
7. «Ырыскелді қажы» мешіті - «Сарыарқа» тобы;
8. «Әлжан ана» мешіті - «Алғырлар» тобы;
9. «Төлебай» мешіті - «Намыс» тобы;
10. «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті - «Насыр» тобы;
11 «Әс-Сәлам» мешіті - «Барыс» тобы;
12. «Әл-Ғани», «Әр-Рахман», «Шейх Кунта қажы» мешіттері - «Бірлік» тобы.