Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият жанындағы Республикалық ақпараттық-насихат топ (РАНТ) мүшелерінің онлайн жиналысын өткізді.
Жиналысқа ҚМДБ басшылық құрамы, бөлім меңгерушілері және РАНТ мүшелері онлайн режимде қатысты. Жиында сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз білесіздер, Алла Тағала Құранда «Әли Имран» сүресінің 104-аятында: «Сендердің араларыңда жақсылыққа шақырып, жамандықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар», – деп айтқан. Алла Тағала бізге діни қызмет атқару шарапатымен қатар асыл дініміздің насихатшысы болу нығметін нәсіп етті. Бұл нығметтің шүкірлігі – жұмыстың аманатын сезініп, бар ықыласымызбен қызмет атқару арқылы өтеледі. Аллаға шүкір, бүгінде РАНТ жұмысы жоғары деңгейде жұмыс жасап келеді. Өздеріңізге мәлім, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мақсаты – дәстүрлі дініміз Исламның құндылықтарын дәріптеу, халықтың діни сауатын арттыру, ел арасында деструктивті, жат ағымдардың таралуының алдын алып, ақпараттандыру, отансүйгіштікті, толеранттылықты, төзімділік пен байсалдылықты насихаттау. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды үнемі жетілдіріп, сапалы уағыз айтуға назар аударуымыз қажет», – деді.
Басқосуда ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров ақпараттық-насихат тобының 2024 жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Оның айтуынша, уағызшылар өңірлерде 52 рет жұма уағызын айтып, оған 119 549 адам қатысқан. Бұдан бөлек РАНТ мүшелері 139 рет жамағатпен кездесу өткізген. Оған қатысқан адам саны – 26 517. Жоғары оқу орындарында өткен 55 кездесуге 10 мыңнан астам студент қатысқан. РАНТ мүшелері жыл басынан 396 іс-шара атқарып, оған 211 951 адам қатысқан.