ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры елордада «Тәуелсіздік күніне» орай ерекше балаларға қуаныш сыйлады.
«Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев пен қор қызметкерлері елордадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына барып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанған 260 бүлдіршінге тәттілер салынған «Зекет-ай» мерекелік қоржындарын таратты. Қайырымдылық шарасында қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев сөз сөйлеп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауын жеткізді. Ерекше атап өтер жайт, «Зекет және қайырымдылық» қоры Ұлттық балаларды оңалту орталығының «Ақжол» бөлімшесін өз қамқорлығына алды.
Аталмыш іс-шараға Пара дзюдодан олимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек, AMANAT партиясының өкілдері қатысты. Өз кезегінде Ұлттық балаларды оңалту орталығының басшылығы мен балалардың ата-аналары ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорына алғыстарын айтып, қызметтеріне табыс тіледі.
Еске салсақ, бұған дейін «Зекет және қайырымдылық» қоры Ұлттық балаларды оңалту орталығына жиһаз, кілем, теледидар, 8 дана бизиборд (бала моторикасын дамытушы құрал), мүгедектерге арналған арбалар, ауыр науқастарға арналған кресло дәретханаларын сыйлаған болатын.