2024 жылы еліміздің мешіттерінде 702 087 уағыз-насихат айтылды.
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, биыл мешіттерімізде бекітілген 52 тақырып бойынша 117 739 рет жұма уағызы айтылып, 1 803 053 адам қамтылды. Ел мешіттерінде 282 504 бесін уағызы, 301 844 кешкі уағыз айтылды.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген 30 қазақ тілді және 12 орыс тілді Республикалық ақпараттық-насихат топ мүшелері өңірлерде жоспарға сай 335 кездесу өткізіп, оған 156 309 адам қатысты. Одан бөлек жоспардан тыс 61 кездесу өткізіп, оған 55 642 адам қамтылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен РАНТ мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында Астана қаласында семинар ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңірлердегі жергілікті ақпараттық-насихат тобының 411 имамы 11 247 кездесу өткізді. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстаздарының қатысуымен 105 бейнеуағыз әзірленіп, әлеуметтік желілерге жарияланды. Бүгінгі таңда оның жалпы қаралымы 2 миллионнан асты. Сондай-ақ жыл басында елордамыз Астанада «Қазақстан қоғамында уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында І республикалық уағызшылар форумы ұйымдастырылып, «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» ережесі бекітілді» деді Батыржан Берденұлы.