Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркиядағы «Хасеки» академиясының директоры Мехмет Жейхан бастаған бір топ ұстазбен кездесті.
Кездесуде бауырлас елдердің діни саладағы байланысы сөз болды. Бас мүфти қазақстандық имамдардың діни салада терең білім алуына жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан академия директорына айрықша алғыс білдірді.
«2021 жылы ҚМДБ мен Түркия Дін істері басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум қайта жаңартылды. Осы келісім негізінде Түркиядағы «Хасеки» академиясына 2013-2024 жылдар аралығында 226 студент қабылданды. Осы күнге дейін оның 139-ы бітіріп, мешіттерде имам, медреселерде ұстаз болып қызмет етуде, 56-сы қазір білім алуда» деді Бас мүфти.
«Хасеки» академиясының директоры Мехмет Жейхан Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербаштың дұғай сәлемін жеткізіп, өзара ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді.