Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Дін мен дәстүр бөліміне қарасты Әйел-қыздар секторының 2025 жылға арналған алғашқы жиыны өтті.
Басқосуда Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы жиынға онлайн қатысқан әйел ұстаздарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылғы Бағдарлық баяндамасын қысқаша түсіндіріп, әйел жамағатына қатысты тапсырмаларды кеңірек талқылады.
«Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында отбасындағы әке мен ананың орны, бала тәрбиесі, әлеуметтік желідегі әдептілік сақтау мәселесі, лудомания, құмар ойындарына қарсы үгіт-насихат шараларын ұйымдастыру, «Ажырасу – Алла сүймейтін іс» тақырыбында семинар өткізу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ағарту жұмыстарын жүргізу қажет. Дін мен дәстүр бағыты бойынша Республика көлеміндегі барлық мешітте әжелер мектебі мен қыз-келіншектер клубының жұмысын жандандыруға тиіспіз» деді Нұрбек Әуесханұлы.
Жиын соңында Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева әйел ұстаздарды берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде атқарып шығуға және дін жолындағы қызметте белсенді болуға шақырды.