9 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Ресей мұсылмандарының діни жетекшісі, мүфти Шейх Равиль Гайнутдин Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының мұсылман әлеміне жасаған үндеуіне қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Равиль Гайнутдин «Дұға – мұсылманның қорғаны» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін алға тарта келіп, Бас мүфтидің барша мұсылман қауымын 10 сәуір күні бір мезетте алақан жайып, дұға жасау туралы үндеуін зор ықыласпен қабыл алғанын жеткізді.
Сондай-ақ Ресей мұсылмандарын Қазақстанның бас мүфтиінің бастамасын қолдауға шақырды. Ол 27 наурыз күні бүкілресейлік мұсылмандар болып, Алладан Өзінің панасына алып, қорғауын дұға еткенін айта келіп, мұның нәтижесі болатынын алға тартты.
«Біз, Ресей мұсылмандары, қазақстандық бауырларымызды қолдаймыз. Сол үшін 10 сәуір, жұма күні намаз кезінде бәріміз бір мезетте алақан жайып, дұға жасап, Жаратушы Алладан мейірім-пана тілейміз. «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» игі бастамасын қолдаймыз» деп атап өтті Равиль Гайнутдин.