18 қазан. АСТАНА. Ummet.kz - Қазақстандық туристер Мысыр университеттерінде қазақ тілін оқытуға түрткі болды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі брифингте Қазақстаның Мысырдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Араб әлемінде тұғыш рет 2018-2019 оқу жылынан бастап мысырлық жоғары білімнің флагманы болып табылатын Каир университетінің әдебиет факультетіне қазақ тілі мамандық ретінде оқытылатындығын атап өткім келеді. Бұл Мысырға баратын қазақстандық туристердің артуы нәтижесінде орын алып отыр. Алдағы уақытта Мысырдың Әл-Асқар сынды бірқатар университетінде қазақ тілі мамандық ретінде оқытылады деп күтілуде»,- деді Арман Исағалиев.
Жалпы Елшінің атап өтуінше, Қазақстан мен Мысыр арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық та жандана түсуде.
«Өздеріңіз білесіздер, Алматыда «Нұр Мүбәрак» деп аталатын қазақ-мысыр діни университеті бар. Жақында осы университеттің қамқоршылық кеңесінің 7-ші отырысы өтті. Шара нәтижесінде университет Қазақстанға сый ретінде тарту етілді және білім ордасының атауын «Нұр Мүбәрак» қазақ-мысыр ислам мәдени университеті деп өзгерту және ректорларды кезекпен тағайындау туралы шешім қабылданды. Бұрын ректорды Мысыр тарапы тағайындайтын», - деді ол.