9 желтоқсан. АСТАНА. Ummet.kz – Ирактың оңтүстігінде орналасқан Басра қаласының таксисті жол бойы үзіліссіз 10 минут кітап оқыған жолаушыға көлігіндегі кітапханасынан қалағанын береді, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Жүргізуші 20 жасар Али Муайяд Кассимнің клиенттеріне тағы бір шарты бар, ол – телефонына қарамау. Кассим жоғары сынып оқушысы, бірақ 8 адамнан тұратын жанұясын асырау үшін такси жүргізушісі болып жұмыс істеуге мәжбүр. Бастапқыда ол кітаптарын кептелісте немесе клиенттерін күтіп тұрғанда оқу үшін алып жүретін. Жолаушылар оның оқып жүрген кітаптары жайлы сұрастыра бастаған соң көлігінде кішігірім кітапханасын алып жүру ойы пайда болады.
«Такси жүргізушісі болып жұмыс істей бастағаннан кітап оқуға уақытым болмайтынын түсіндім. Жұмыстан шығып кете алмаймын, сонымен бірге кітап оқуға, жазуға да уақыт керек. Сондықтан кітаптарды өзіммен бірге алып жүретін болдым. Негізі менің ешбір жоспарым болған жоқ, «кітап оқитын такси» ойы өздігімен пайда болды» - деді Али Муайяд Кассим.
Бастапқыда Кассим клиенттеріне өз кітаптарын оқуға беретін. Кейін таксистпен баспа үйлері хабарласты. Енді олар оған өз тауарларын промо-акция ретінде тегін ұсынуда. Кассимнің көлігінде әдеби, ғылыми, философиялық, поэзия және тағы басқа жанрларды қамтыған әртүрлі 20 шақты кітап бар.
Басра қаласы ежелден мемлекеттің мәдени ошағы боп саналатын. Қала өзінің ерекше сәулетімен, мешіттерімен және кітапханаларымен танымал. Кітап дүкендері орналасқан Фарахиди көшесінің сатушылары қалада әдеби кітаптарға деген сұраныс ешқашан азайған емес, деп жеткізеді Рейтер.
{jacomment}