Қайырымдылық – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғамға бағытталған басты бағыттарының бірі. Биыл да ҚМДБ құрбан шалуды дәстүрлі түрде және QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты арқылы онлайн форматта ұйымдастырып отыр.
7 маусым – Құрбан айттың екінші күні еліміз бойынша жалпы саны 9142 мал құрбандыққа шалынған. Оның ішінде 903 өтініш онлайн форматта қабылданған. Мал түрлері бойынша: қой – 7936, ешкі – 575, ірі қара – 619, түйе – 12.
Құрбандық еті республика көлемінде 25770 мұқтаж отбасы мен 435 әлеуметтік мекемеге үлестірілді.
Айта кетейік, онлайн құрбан шалуға тапсырыстар Qurban.muftyat.kz сайты арқылы маусым айының 8-і күні сағат 12:00-ге дейін қабылданады.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Алла Тағала шын ықыласпен құрбан шалып, сауапты амалға үлес қосқан барша азаматтардың ниетін қабыл еткей!