Бұл туралы бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет хабарлады.
«Барлық мешіттер мен дәретханалардың тазалығы тұрақты бақылауға алынып, дыбыс күшейткіштер мен микрофондардың жұмысы тексерілді. Анықталған техникалық кемшіліктер дер кезінде түзетілді. Сонымен қатар электр желілері, жылыту жүйелері мен өрт қауіпсіздігі құралдарының жағдайы тексеріліп, мешіттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүргізілді.
Тарауық намазынан кейін жамағаттың үйлеріне қауіпсіз жетуі үшін бірқатар өңірлерде тегін қоғамдық көліктер ұйымдастырылды. Барлық мешіттерде құптан намазынан кейін 30 минут күтіп, парыз және тарауық намаздарын бірізді тәртіппен оқу жолға қойылды.
Ауызашар тағамдарының халал стандарттарға және санитарлық талаптарға сай болуы қатаң бақылауға алынды. Тағам өнімдерінде «ҚМДБ Халал» белгісінің болуы міндеттеліп, қайырымдылыққа арналған азық-түліктердің құрамына да ерекше назар аударылды.
Қасиетті Рамазан айы басталғалы бері еліміздегі мешіттерде алғашқы 10 күн ішінде 534 263 адамға ауызашар берілді. Бүгінде Қазақстан бойынша 1258 мешітте күн сайын тегін ауызашар дастархандары ұйымдастырылып, мұқтаж жандар қамтылуда»,- деді Нұрбек Әуесханұлы.








