Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған жұмыс сапарында Хельсинки қаласында қазақ диаспорасымен кездесті.
Кездесуде дін мен дәстүр құндылықтарын сақтау, бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу, отбасы құндылығын арттыру, бауырмалдық қарым-қатынасты жаңғырту сынды мәселелер сөз болды.
Басқосуда Бас мүфти: «Баршаңызбен Финляндия жерінде жүздесіп отырғанымызға ерекше қуаныштымын! Сіздерге қасиетті Қазақстандағы қазақ халқының дұғай сәлемі мен жылы лебізін жеткізуге рұқсат етіңіздер.
Расында қазіргі жаһандану дәуірінде шетелдегі қазақ диаспорасының рухани, мәдени және діни бірегейлігін сақтау – аса маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыз үшін ұлттық құндылықтар мен діни танымды қатар алып жүру үлкен жауапкершілік екені белгілі.
Өздеріңізге мәлім, біз жуырда Америка Құрама Штаттарына арнайы барып, қазақ диаспорасымен бірге маңызы үлкен рухани-мәдени шаралар өткіздік. Аллаға шүкір, бүгін сіздермен осындай жылы жүздесу өткізу бұйырып отыр. Бұл кездесу тек ресми жиын ғана емес, елден жырақта жүрген өздеріңіз секілді ағайынның жүрегіне жылу сыйлап, рухани өмірге серпін беретін басқосу болады деп санаймын» деді.
Басқосу барысында Бас мүфти қандастарымыздың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар «Мүфтият» баспасынан шыққан құнды еңбектерді сыйға тартты.


















