Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген бірқатар жаңа еңбектің таныстырылымы өтті.
Атап айтқанда, «Иман мағынасы» кітабының 9-томы, «Бәдәл қаж» еңбегінің 4-басылымы, «Ислам энциклопедиясының» ІІІ томы мен «Имам Әбу Ханифаның хадистегі орны» кітабы (авторлары – Ислам Қаюпов, Бағлан Шежімбай) көпшілікке таныстырылып, тұсауы кесілді.
Салтанатты шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, шетелдік дипломаттар мен дін қызметкерлері қатысты.
Бас мүфти өз сөзінде діни әдебиеттерді әзірлеу мен насихаттаудың маңызына тоқталып:
«Мүфтият құрылған күннен бастап рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстардың бір тармағы ретінде кітап шығару ісіне айрықша мән беріп келеді. Бүгінде “MUFTIYAT” баспасы арқылы 90-ға жуық еңбек жарық көрді.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай жүзеге асырылып жатқан “35 айтулы шара” жоспары аясында “Рухани кітап айлығы” жобасын бастадық. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін арттыруға, діни сауатты нығайтуға бағытталған», – деді.
Сонымен қатар жиын барысында ҚМДБ-ның рухани-ағартушылық бағыттағы жобалары таныстырылып, арнайы бейнеролик көрсетілді.
Тұсаукесерге қатысқан зиялы қауым өкілдері жаңа еңбектердің ел руханияты үшін маңызын атап өтіп, игі бастамаға қолдау білдірді.









