02
Сенбі,
Қараша

һижри

Зулхиджа айында ораза тұту керек пе?

Зулхиджа айында ораза тұту керек пе?

Сұрақ-Жауап

Зулхиджа айында ораза тұту керек пе? Кейбір адамдар міндетті деп жатады, сол қаншалықты рас?

Құран Кәрімде:

«Таңғы араймен ант етемін. Әрі он түнмен[1]», – деп әмір етілген.

Тәпсіршілер аяттағы «он түн» Зулхиджа айының алғашқы он күні деп түсіндіреді. Бұл он күннің бірқатар үкімі, артықшылығы мен әдебі бар. Солардың ең маңыздылары:

Зулхиджаның алғашқы он күндігінің артықшылығы

Бұл – күні және түнінің қасиеті мен артықшылығы мол он күндік. Осы күндері сауаптар еселене түседі. Соған орай, көп құлшылық ету мұстахап саналады. Түрліше жақсы да ізгі амалдарды аянбай істеген абзал. Бұл күндері жасалған ізгі амал жылдың басқа күндерінде жасалған жақсылықтан қайырлы келеді. Ибн Аббас риуаятында бұл жайында былай баяндалады: «Алла Елшісі ﷺ: «Жылдың басқа күндерінен қарағанда, осы күндері жасалған қайырлы істер Алла Тағалаға ұнамдырақ», – деді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Алла жолындағы жиһадта ма?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбар ﷺ былай деп жауап қайтарды: «Алла жолындағы жиһад та, тек егер кісі өзі мен мал-дүниесін ала шығып, қайта оралмаса ғана»[2].

Зулхиджаның алғашқы 8 күнінде ораза тұтудың үкімі

Бұл күндері ораза тұту – жақсы амал. Алайда, сүннет емес. Өйткені, Пайғамбарымыз ﷺ бұл күндері ораза тұтуды бұйырмаған. Бірақ, ораза тұту ең сауапты амалдардың бірі ретінде орындалуы мүмкін. Себебі, жоғарыда айтылған хадиске сай бұл айдың алғашқы он күнінде қайырлы да сауапты амалдарды мейлінше мол орындауға үндеуде. Ал, ораза тұту – ең сауапты амалдардың бірі.

Арафа күні ауыз бекітудің үкімі

Арафа күні ауыз бекіту – сүннет. Пайғамбарымыз ﷺ  осы күні ораза тұтқан. Әбу Қатада: «Арафа күні оразасымен Алла Тағала алдыңғы жылдың және келер жылдың күнәларын кешіреді деп үміт етемін[3]», – деген. Арафа күні ораза тұту – қажылыққа бармаған адамдарға ғана сүннет. Арафа – Зулхиджа айының 9-күні. Бұл ораза екі жылдың: өткен және келер жылдардың қателіктерін жуып-шаяды.

Зулхиджаның 10-ы күн оразасының үкімі

Бұл күні ораза тұту, ғұламалар шешімі бойынша, бірауыздан – харам. Өйткені, бұл – құрбандық күні. Сонымен бірге, ораза айт күні, құрбан айт күні, құрбандық күнінен кейінгі үш ташриқ күндері де ораза тұтуға тыйым салынады. Әбу Сағид: «Алла Елшісі ﷺ екі күні: ораза айт және құрбан айт күндері ораза тұтуға тыйым салды[4]», – деп риуаят етеді. Тағы бір хадисте: «Ташриқ күндері – тамақтану, сусын ішу және Алла Тағаланы зікір ету күндері[5]», – деп баяндалған.


[1] Фәжр сүресі, 1-2 аяттар
[2] Бұхари
[3] Муслим
[4] Бұхари, Муслим
[5] Муслим

Бөлісу: