21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Спорттық ойындардың үстінен бәстесуге бола ма?

Спорттық ойындардың үстінен бәстесуге бола ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Спорттық ойындардың үстінен бәстесуге бола ма?

Жауап: Немен аяқталатыны алдын-ала белгілі болмайтын бір іске байланысты пайымдалған нәтиженің үстінен бәстесу және дәл түсіп, түспегендігіне байланысты ұтып не ұтпау құмарға жатады.

Бұл іс қандай тәсілмен, қандай атпен аталса да құмар деп аталады. Ал құмар жолымен түскен табыс харам саналады және Исламда қатаң тыйым салынған.

«Құмар» сөзімен мағыналас Құран аятында «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл  жолмен мал табу мағынасын меңзейді. Қазіргі  қоғамда жұмыссыздық меңдегендіктен, кейбір жандар арақ-шарапты пайдаланумен қатар құмар ойындарына бас сұғып жатыр. Ислам дінінде құмар ойындары харам етілгендігі туралы Құран Кәрімнің «Мәйда» сүресінің 90-91-аяттарында: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деп келтірілген.  Демек, аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу, құмар ойнау да ерекше айтылған. Сондықтан да, адамды адами қасиеттерінен алыстатып, ібілістің ізіне салып қоятын әрекеттердің барлығын шайтанның істерінен деп түсінуіміз керек. Аяқ-қолы балғадай азаматтардың еріншектікке бой алдырып, көлденең табылған көк ақшаға көз телміртуі жақсы нәрсе емес. Бала-шағасын ақ адал маңдай терімен асырамаған отағасы ұрпағына да харамнан ас ішкізеді.

Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар ﷺ өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін»,-дейді. Мұнан мынаны түсінуге болады: кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі – міндет. Демек, ол күнәсінен садақа беріп қана құтыла алады. Хадисте терең меңзеліп тұрған тағы бір мәселе бар. Ойынды ойнаудан бөлек,  оған шақырудың өзі  харам болып табылатындығы.     

Алла Тағала құмар ойынды харам етуде көптеген хикметтері бар. Олар мыналар:

1. Мұсылманның өмірі мен табысы кездейсоқ бақытқа емес, маңдайының тері арқылы болу керек.

2. Өзгенің мал-мүлкі, дүниесі харам. Оны алудың жолы ауыстыру не сыйлық т.б әр түрлі адал жолдармен болу керек. Ал, құмар әділетсіз жол.

3. Жоғалтқан адам ұтқан адамды іштей қызғанып, көре алмайтыны анық.

4. Құмар ойын мұсылманның құлшылығына қатты кедергі жасайды.

5. Құмар ойын зиянын тек ойнаған адамға ғана тигізбейді. Сонымен қатар қоғамға да кері әсер етіп, көп ұзамай ел арасында жұмыс істемейтін құмар ойынға берілгендердің көбеюіне себеп болады.

Сондықтан спорттық ойындардың үстінен тараптардың біріне ұтыс беретін бәстесу де Құранның тыйым салған бөліміне жатады және қабыл көрілмейді.

 

Бөлісу: