21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Намаздан кейін тәкбір тәшриқты айту міндет пе?

Намаздан кейін тәкбір тәшриқты айту міндет пе?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Құрбан айт күндері бес уақыт намаздан кейін тәкбір тәшриқты айту міндет пе?

Жауап: Алла Тағала Құранда: «Санаулы күндерде (парыз намаздан кейін тәкбір, тахлил айтып) Алланы еске алыңдар»[1], - деп бұйырды.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ендеше сол кезде тасбихты (субханалла), тахмидты (әлхамду лиллә), тахлилді (лә иләһа илләлла), тәкбірді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер», – деген[2].

Ғалымдар тәкбір ташриқты айтуға бірауыздан келіскен (ижмағ еткен).

Шариғат бойынша, ташриқ күндері әр парыз намаздың артынан бір рет тәкбір ташриқ айту – уәжіп.Тәкбірді имамның артынан ұйыған адамдар да айтады. Әйел кісілер тәкбір айтқанда дауыстарын қатты көтермейді. Тәкбірді бір реттен артық айтса да болады. Бұрынғы қаза намаздарды оқығанда немесе ташриқ күндері қаза етіп, оны сосын өтегенде тәкбір ташриқ айтылмайды.

takbir

Ташриқ күндері – бес күн. Олар: арапа күні, үш айт күндері және одан кейінгі бір күн. Ол биыл 30-31 шілде мен 1-3 тамызға сәйкес келеді. Демек, 30 шілде күні таң намазының екі ракағат парызын оқып, екі жаққа сәлем бергеннен кейін тәкбір айтуды бастаймыз. Ташриқ күндері жалпы 23 намазда тәкбір айтылады.

Тәкбір ташриқ сөздері: Аллаһу акбар, Аллаһу акбар! Лә илааһа иллаллаһу, уаллаһу акбар! Аллаһу акбар, уә лиллаһил хамд!

Тәкбір ташриқтың оқиғасы былай: «Ибраһим пайғамбар ұлы Исмаилды құрбан ету үшін алқымына пышақ тартқанда пышақ өтпеді. Сонда Алла Тағала Жәбірейіл періштеге підияға қой алып келуге бұйырды. Жәбірейіл періште Ибраһим пайғамбар ұлы Исмаилды бауыздап қоюынан қорқып, «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар» деп тәкбір айтты. Ибраһим пайғамбар бұны естіп, «Лә илааһа иллаллаһу, уаллаһу акбар» деді. Ұлы Исмаил орнына құрбандық берілгенін біліп, «Аллаһу акбар, уә лиллаһил хамд» деп шүкір етті»[3].    

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары


[1] «Бақара» сүресі, 203-аят.

[2] Ахмад, Табарани риуаят еткен.

[3] «Хашияту Ибн Абидин», 5/143.

Бөлісу: