11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімін кім қойған?

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімін кім қойған?

Сұрақ-Жауап

Құрметті оқырман,

Алда келе жатқан Мәуліт мерекесінің құрметіне орай Алла Елшісі (ﷺ) жайлы білімімізді жаңартайық әрі толықтыра түсейік деген ниетпен «Сұрақ-Жауап» айдарында «Пайғамбарымыз ﷺ жайлы 111 сұрақ» кітабынан үзінділер жариялап отыруды ұйғардық.

Алла қайырлы ілімімізді арттырсын!

           Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келмей тұрып-ақ есімі мен сипаттары арқылы көзі ашық ғалымдарға таныс еді, өйткені оның есімі рух әлемінен белгілі еді. Адам (а.с.) соңғы пайғамбардың аты Мұхаммед (с.ғ.с.) екендігін білетін. Хазірет Адам (а.с.) жаннатта Алланың тыйым салған жемісінен жеп қойған соң артынша тәубе етіп, Раббына жалбарынғанда: «Уа, Алла Тағалам, мені Мұхаммед расулулланың құрметіне кешіруіңді өтінемін!» - деп жалбарынады.

Сонда барлығын білуші Хақ Тағала: «Әлі жаратпасам да сен Мұхаммедті қайдан білесің?» - деді. Сонда Аллаға деген құрметі шексіз Адам ата: «Уа, Раббым, иәд-құдіретіңмен[1] мені жаратқаныңда және пәк рухыңнан маған үрлегеніңде басымды көтеріп, ғарыштың тіректерінде жазылған «лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммед расулулла» деген жазуды көрдім. Сен Өз атыңның жанына жаратылғандардың ең абзалының ғана атын жазатыныңды ұқтым», — деп жауап береді.

Алла Тағала: «Шындығында, Мен үшін Мүхаммед - жаратылғандардың ең сүйіктісі. Соның құрметі үшін тілегіңді қабылдаймын, өйткені Мұхаммед болмағанда сені де жаратпас едім», - дейді[2]. Сондай-ақ «Заманның мырзасы келу үшін мен кетемін»[3] деген Иса пайғамбар (а.с.) тікелей «Ахмед» деп атап әлдеқашан сүйіншілеп кеткен.

Кей деректерде осы сүйіншіге сүйеніп біршама әһл-кітап қауымының өкілдері сәбилеріне «Мұхаммед» есімін қойғандары да айтылады. Мысалы, Бәни Тәмимнен Суфиан ибн Мужаши деген кісі Шамға барып, бір поптың үйінде қонақ болады. Суфиан өзінің Мудар екенін айтқанда поп: «Арабтардан бір пайғамбар шығады. Есімі - Мұхаммед», - дейді. Мұны естіп ол дүниеге келген баласының атын «Мұхаммед» деп қояды. Алайда бала есейе келе поп болған екен.

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың анасы Әмина да оның атының Мұхаммед болатынын білген. Босануына санаулы күндер қалғанда Әминаға ұйықтап жатқан шағында: «Сен адамдардың ең қайырлысына және мына үмбеттің иесіне жүктісің. Оны босанғанда «Бүкіл қызғаныштардан сақтаушы Алла Тағалаға сыйынамын», деп айт та, атын «Ахмед» немесе «Мұхаммед» қой», деп аян келген[4].

Әмина анамыз ұлын жарық дүниеге әкелгеннен кейін көрген түсін қайын атасы Абдулмутталибке ай- тады. Арада жеті күн өткенде атасы Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Қағбаға алып барады. Ұлы Жаратушыға шүкіршілік етіп, бірнеше жерге құрбан шалып, үш рет ас береді.

Осы астан кейін құрайыштықтардың атқамінерлері сөз бастап: «Уа, Абдумутталиб, осынау асқа себепкер немереңнің атын кім қойдың?» - деп сұрағанда, қарт: «Мұхаммед!» - деп жауап береді. Әлгілер қарап тұрмай: «Ата-бабаларының бірінің есімін қойсаң болмас па еді?» - дегенде, Абдумутталиб: «Көкте Алла, жерде халық оған мақтау айтсын деп әдейі қойдым», - деп түсіндіреді.

Демек, Расулулланың (с.ғ.с.) есімі әу бастан белгілі болған.

Ummet.kz


[1] Иәд-құдірет - Алла Тағаланың «құдірет қолы», барлық нәрсені уысында ұстап тұратын «кұдірет қолы» деген мағынаны білдіреді.

[2] Ибн Кәсир, әл-Бидая уэн-Ниһая, 1\75; Құргуби, эл-Жамили ахкамил-Құран, 1\324; Қасталани, Мэухиб, 1\7, 16.

[3] Юханна 18/6.

[4] Ибн Касир, эл-Бидая уан-Ниһая 2/263.

Бөлісу: