11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар (ﷺ) науқастарды зиярат еткенде не нәрсеге мән берген?

Пайғамбар (ﷺ) науқастарды зиярат еткенде не нәрсеге мән берген?

Сұрақ-Жауап

Құрметті оқырман,

Мәуліт айының құрметіне орай Алла Елшісі (ﷺ) жайлы білімімізді жаңартайық әрі толықтыра түсейік деген ниетпен «Сұрақ-Жауап» айдарында «Пайғамбарымыз ﷺ жайлы 111 сұрақ» кітабынан үзінділер жариялап отыруды ұйғардық.

Алла қайырлы ілімімізді арттырсын!

Алла Елшісі (с.ғ.с.) науқастардың көңілін сұрауды мұсылманның мұсылман алдындағы парыздарының бірі деп білген.

Дертке шалдыққан дімкәс жандардың хал-жағдайын сұрамағандардың Алла Тағаланың мейірімінен мақұрым қалатынын жеткізген. Үйіне қайта оралғанға дейін науқасты зиярат еткен адам үшін періштелер кешірім тілейтінін айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ересектердің ғана емес, жас балалардың да хал-жағдайын білуді естен шығармаған. Көңілін сұрай барған науқасты оң қолымен сипап отырып: «Күллі дүниенің Раббы - Алла Тағалам, құлыңның дертін сейілтіп, оған шипа бер. Шипаны беруші бір ғана Өзіңсің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Бұған ешбір аурудың ізін қалдырмайтын шипа бер», - деп дұға ететін.

Жиені ауырып әл үстінде жатқанда, қызы Зейнеп (р.а.)Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кісі жібертіп, баласынын өлім аузында жатқанын айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) табалдырықтан аттағанда, жас бала алып-ұшып атасының құшағына кіріп кетеді. Мейірім Елшісі көз жасына ерік беріп егіле жылайды. Оның жылағанын Сағд ибн Ұбада ерсі көргендей сыңай танытады. Мұны байқап қалған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл - мейірімнен туындаған көз жасы. Алла оны қалаған құлына нәсіп етеді. Алла тек мейірімді құлдарына ғана рақым етеді», - деп түсіндірген болатын.

Науқастарға барғанда, олардың көңілін аулауға тырысатын. Сахабалардың бірі ауырып қалғанда: «Уайымдама, иншалла, осы ауруың арқылы күнәларыңнан тазарасың», - деп жұбататын.

Өзге дін өкілдерінің де барып көңілін сұрайтын. Кейде бір науқасқа бірнеше рет кіріп-шығатын. Сағд ибн Муаздың (р.а.) соғыста қолы жараланғанда, жақын жерде тұрып жәрдем беру үшін мешіт ішінен науқасқа арнайы шатыр тіктірген.

Ummet.kz

Бөлісу: