12
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Қайтыс болған адамның қарызын кім төлейді?

Қайтыс болған адамның қарызын кім төлейді?

Сұрақ-Жауап

Қарызы бар адам тірі кезінде одан құтылуға әрекет етуі керек. Өйткені, қарызы бар адамның дүниеден өткеннен кейін өзіне де, артындағы отбасына да өте қиын жағдай тудыратыны анық. Қайтыс болған адамнан Алла Тағала өз хақын (қарызын) ғапу етуі мүмкін, бірақ біреуден алған қарызды Алла кешірмейді. Оны тек сол қарыз иесі ғана кеше алады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Борышы төленгенге дейін мүміннің жаны оның қарызына байланысты», – деген.   (Ахмад, Тирмизи). Яғни, мойындағы қарызды өтемеген адамның өлгеннен кейінгі хәлі қалай болатыны белгісіз. Тіпті, мәйіт шейіт (шаһид) болса да, берешегі себебінен өз дәрежесіне жете алмай тұрады. Оның қарызы өтелгеннен кейін ғана оған шейіттік дәрежесі беріледі. Сондықтан қайтыс болған адамның жаназасында әуелі оның қарызы сұралады және сол қарызды өтеу шаралары қарастырылады. Қарыз мирасқорлардың ақысынан да жоғары тұрады.

Сағд ибн Әтуәл (одан Алла разы болсын) былай дейді: «Ағам қайтыс болып, артынан үш жүз дирхам ақша және бала-шағасы қалды. Мен ақшаны оларға жұмсамақ болдым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ағаңның қарызы өтелмеді. Сондықтан, ол тоқтап тұр (жәннатқа кіре алмай тұр). Борышын төле», – деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Оның қарызын төледім. Тек бір әйелдің ешбір дәлелсіз сұрап жатқан екі динары ғана қалды», – дедім. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Соны бер, ол оның ақысы», – деді» (Ахмад).   

Қайтыс болғаннан кейін артынан мал-дүние қалдырған мәйіттің қарызын кепілдікке алуға шариғат рұқсат етеді. Бұл жауапкершілікті өз міндетіне алған марқұмның туысы немесе басқа да адам мәйітке тиесілі мал-мүлік есебінен оның қарызын өтейді. Қарыз толық өтелумен мәйіт өз міндетінен құтылады. 

Ал қарызын төлеуге жететін артында мал-дүние қалдырмаған немесе тірі кезінде қарызды төлейтін бір кепіл тағайындамай кеткен мәйіттің борышын төлеу жайында түрлі пікірлер айтылған. 

«Бәдаиғус-санаиғ» кітабында: «Әбу Ханифаның (Алла оны рақым етсін) пікірі бойынша артынан мал-дүние қалдырмаған мәйіттің қарызын өтеуге кепіл болу дұрыс емес. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің (Алла екеуін рақым етсін) пікірі бойынша мұндай кепілдік дұрыс саналады», – деп баяндаған. «Задул-фуқаһа» кітабында «Әбу Ханифаның (Алла оны рақым етсін) сөзі дұрыс», десе, «Мухити Сарахси» кітабында «Мәйіт қанша дүние қалдырса, соншаға кепіл бола алады», – деп түсіндірген («Фәтауаи Һиндия», 3/1288).

Сондықтан мәйіттің қарызын төлеп беруге артында дүниесі қалмаған болса, бұл мәселеде Әбу Ханифаның (Алла оны рақым етсін) сөзі негізге алынады. Яғни, мәйіттің қарызын кепіл болған адам өзінің (кепілдің) есебінен төлейді. Төлемесе, оны төлеуге мәжбүр етпейді.  

Алайда, әрбір ақыл иесі Аллаға қайтатын, құзырына баратын күннің қамын алдын-ала жасауы, имани тұрғыдан дайын болуы қажет. Алла Тағала: «Аллаға қайтатын күннен қорқыңдар», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 281-аят).

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

«Мұнара» газеті, №6, 2020 жыл

Бөлісу: