27
Сенбі,
Сәуір

һижри

ЖЫНЫС МҮШЕСІН АУЫСТЫРУДЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ:ЖЫНЫС МҮШЕСІН АУЫСТЫРУДЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Жауап: Қазіргі заманауи медицинада адамның жыныстық ағзаларын ауыстыру өзекті мәселелердің біріне айналды. Шариғи тұрғыдан жыныстық мүшені ауыстыруға тыйым салынады. Оған төмендегі мына аят-хадистер айғақ болады.

1) Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Себебі, мұндай сорақы іс-әрекет Ібіліс шайтанның діттеген мақсатына кіреді. Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді:

وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللَّهِ

 «Мен, оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп, сөзсіз, әмір етемін»[1].

2) Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген[2].

3) Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал шариғатымыз мұндай сорақы істі харам еткен. Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы.

Дүниежүзілік мұсылман Лигасына қарасты Ислами Фиқһ Академиясы өзінің он бірінші отырысында осы мәселе жөнінде: «Аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – харам іс. Бұл үлкен күнәлардың қатарына жатады. Мұндай сорақы іске қадам басқан адам жазаға лайық болады. Өйткені бұл іс Алланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең», – деген шешім шығарған[3].

ҮКІМ:

Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы – харам.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі


[1] «Ниса» сүресі, 119-аят.

[2] Хадисті имам Бұхари риуаят еткен.

[3] Ислами Фиқһ Академиясы, 11 отырыс, Мекке қаласы, 1989 жылы қабылданған № 6 қарар.

Бөлісу: