29
Жұма,
Наурыз

һижри

Ислам дініндегі сауда-саттық құқығы туралы

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Ислам дініндегі сауда-саттық құқығы туралы мәлімет бере аласыздар ма?

Жауап: Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ. Сауданың анықтамасы: Сауда сөзінің мағынасы — бір нәрсені екінші бір нәрсемен алмастыру. Шариғаттағы мағынасы — бағалы мал-мүлікті құнды мал-мүлікке айналдыру және өзара разылыққа сай ауыстыру. Мал-мүлікті саудалаудың  мақсаты — барлық пайдалы нәрселерді өз мүлкіндей иемдену.

Одан басқа тілмен түсінуге болмайды.

Мысалы: ақша, жануарлар, тағамдар т.б. Мал («мал» араб тілінде иілу деген мағынаны білдіреді) деп аталуы — пенденің оған көңілі аууы. Бағалы мал-мүлік деп айтудағы мақсаты — құнсыз нәрселерді шығарып тастау. Мысалы: өлексе және соған ұқсаған құнсыз нәрселер жатады. Мүліктендіру және разылыққа сай дегеннің мақсаты — жалға беруді шығару, себебі ол мүліктендіру емес. Әрі мәжбүрлі болған сауданы шығару, өйткені ол ешқандай разылықпен орындалмады. Сауданың антонимі — саттық.

Ол — бір нәрсені белгілі бір ақшамен алу.  Сатушы сатайын деп жатқан затын ұзатады, ал сатып алушы сатушыға өзара келіскен ақшаны береді. Егер сауда-саттық Алла Тағала халал еткен жолмен аяқталатын болса, ақша сатушының, зат сатып алушының иелігіне өтеді де, олардың әрбірі иемденген нәрсесін толық жұмсауға құқылы болады. Сауданың шариғаттағы үкімі: Оның үкімі адамдар оған мұқтаж болғандықтан, мүбәх. Сондай-ақ, бұл үкім Алла Тағала халал еткен барлық сауда түрлеріне (жалға беру, уәкілдік т.б.) бірдей.

Сауданың рұқсат екеніне дәлел: Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Негізінде Алла сауданы халал, өсімді харам еткен»[1].

Алла Тағала айтты:

«Әй, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа»[2].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кәсіптің абзалы кісінің өз қолымен істеген амалы әрі барлық мабрур болған сауда (қиянат та, алдаушылық та болмаған барлық сауда-саттық)».

Расында, Пайғамбарымыз (с.а.у.) сауда-саттық жасады және оған сахабалар ілесті де, бүкіл үммет сауда-саттықтың рұқсат екеніне келісті. 

Сауданың хикметі.

Адамдар саудаға мұқтаж. Жалпы адам баласы өзіне қажет болған нәрселерді (тағам, сусын, киім, дәрілерді) өзі қамтамасыз етуге шамасы келмейді. Сондықтан ол өмір тіршілігіне қажетті болған нәрселерге жету үшін басқа біреулерге алыс-беріске мұқтаж. Ол дәріні, тағамды, киімді, үйді сатып алу үшін басқаға барса, екінші кісі сол затқа сай ақшасын алады. Осылайша сатушыға да, сатып алушыға да пайда түседі. Алла Тағала адамдарды бір-бірі арқылы ризықтандырып қойды. Алла – кеңшілігімен барлығына ризық беруші.

Сауданың рүкіндері.

Ханафи мәзһабы бойынша сауданың бір ғана рүкіні бар. Олар былай дейді: «Сауданың бір ғана рүкіні бар. Ол: ижаб пен қабул. Бұл екеуі  сатушы мен сатып  алушының алыс-берісіне дәлел болады. Ижаб дегеніміз — келісіп отырған екі тараптың біріншісінен шыққан сөз немесе ұсыныс. Қабул дегеніміз – екінші тараптың келген ұсынысты қабыл алуы». Ал басқа мәзһаб иелерінде сауданың үш рүкіні бар: Біріншісі — келісіп жатқан екі тарап — сатушы мен сатып алушы. Екіншісі —келісіліп жатқан нәрсе — сатып алушы тарапынан болған ақша мен сатушы жақтан болған зат. Үшінші  — сыйға, сауда жүзеге асатын ижаб пен қабул.

Сауданың дұрыс болу шарттары.

Сауданың шарттары келісіп жатқан екі тарапқа (сатушы мен сатып алушыға) немесе солардың үкімінде болғандарға қайтады, кейбірі келісіліп жатқан нәрсеге және кейбірі сауда жүзеге асатын ижаб пен қабулға қайтады. Бірінші: Екі тарапқа (сатушы мен сатып алушыға) қайтатын шарттардың маңыздылары:

а. Сауда-саттық жасай алатындардан болуы керек. Ақыл-есі дұрыс емес сәбидің, жындының және мас адамның саудасы дұрыс емес.

ә. Араларындағы болып жатқан келісім өз қалауларымен, разылықтарымен болуы тиіс. Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Әй, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа»[3].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мүбарак хадисінде: «Сауда тек екі жақтың разылығымен болады», — деген. Екінші: Келісіліп жатқан нәрсеге қайтатын шарттар ақша бола ма, әлде зат па, ең маңыздылары мыналар:

а. Таза болу. Нәжіс нәрсені сату дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Расында, Алла Тағала арақты, өлексені, шошқаны сатуды харам етті». Бұл үш нәрсені сату харам болуының себебі нәжіс екендігінде. Бұл — жұмһұр ғалымдарының көзқарасы.

ә. Шариғат бойынша рұқсат еткен пайдалы нәрселер болуы керек. Шыбын-шіркей, құмырсқа, шаян немесе бір уыс топырақ секілді пайдасыз нәрселерді сатуға болмайды.

б. Келісіп жатқан зат сол адамның мүлкі болуы тиіс. Өзіне тиісті болмаған затты немесе уәкіл ретінде оған сатуға рұқсат етілмеген нәрсені сату дұрыс емес.

в. Келісілген зат екінші адамның қолына тиетін болу. Аспандағы қалықтап ұшып жүрген құсты сатуға болмайды.

г. Заттың не нәрсе екені, мөлшері, сипаты екі жаққа да белгілі болуы тиіс. Белгісіз нәрсені сату дұрыс емес. Мысалы: сатушы сатып алушыға: «Мына жабық тұрған сандықтың ішіндегі затты саттым», — деп айтуы. Ол екеуі де оның ішінде не бар екенін білмейді.

Үшінші: Сауда жүзеге асатын ижаб пен қабулға қайтатын шарттардың ең маңыздысы:

а. Сөз және оның орнын басатын уәкіл немесе жазу. Сатушы сатып алушыға «мен саған мына затты 100 теңгеге саттым», сатып алушы оны «қабыл еттім» дейді. Немесе сатып алушыға өз атынан уәкіл жібереді, болмаса өз ойындағы нәрсені бір хатқа түсіріп жазып жібереді.

ә. Муаата. Бұның мағынасы — ешбір сөзсіз алыс-беріс жасау. Сатып алушы тағам, сусын, дәрі сатушыға барып, онымен саудаласпай сол заттардың белгіленген бағасын береді. Ал сатушы бұл ақшаны алып, оның қалаған нәрсесін береді. Өйткені екі жақтан сауданы жүзеге асыру үшін айтылатын сөз (ижаб пен қабул) сатушының ақшаға, сатып алушының затқа ие болғанына дәлел болатын өзара разылықтың белгісі.

Ғалымдар: «Акт (келісім) сауданың мақсаты мен мағынасына негізделген, сөзі мен құрылымына емес», — дейді. Сол сияқты сауданың толық аяқталуы үшін сиғасында шарт болған нәрселер: ижаб пен қабулдың арасында ұзақ үзіліс пен тыныштық сақтамай, сауда-саттыққа қатысы болмаған сөздерді және сауданың аяқталуына кедергі болуына дәлел болған нәрселерді араластырмау. Затқа, ақшаға разы болу үшін ижаб пен қабулы бір-біріне сәйкес келуі керек. Егер екі жақ келіспей қалса, сауда дұрыс болмайды. Мысалы: сатушы сатып алушыға мына кітапты саған 5 теңгеге саттым десе, ал сатып алушы 4 теңгеге алдым деп айтса, екеуінің арасында ижаб пен қабул келіспеушілік болғандықтан сауда жүрмейді.

Сауданың түрлері.

Кейбір ғалымдар сауданы төрт түрге бөледі:

Көзге көрінген нәрселерді сату. Келісімшарт кезінде екі тарапқа көрсету немесе бұл нәрселер сауда уақытына дейін өзгермейтін болса, алдын ала көру. Егер шарттары түгел болса, бұл дұрыс сауда болып саналады. Ойда сипатталған нәрселерді сату. Мысалы: сатушы сатып алушыға саған мөлшері, түрі, сипаты мынадай киімді саттым дейді. Егер сипаттарын толық атап өтсе, бұл келісім дұрыс болады. Екі тарапқа көрінбейтін жоқ нәрсеге саудаласу. Бұл келісімшартқа дейін өзгеруі мүмкін болғандықтан, оны сату дұрыс емес. Сапасы белгісіз, уақыт өзгеруімен өзгеретін көкөніс және т.б. тағам түрлерін сату. Мәңгі пайдалы нәрсені (белгілі бір орындағы адамдар жүретін жолды) сату.

 

[1]«Бақара» сүресі, 275- аят.

[2]«Ниса» сүресі, 29- аят.

[3]«Ниса» сүресі, 29- аят.

 

Fatua.kz

Бөлісу: