19
Жұма,
Сәуір

һижри

Үтір намазын бір ракағат етіп оқуға болады ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Әссәламуалайкум. Үтір намазын бір ракағат етіп оқуға болады деп естідім. Сол дұрыс па?

Жауап: Уа алайкум әссәлам. «Үтір»сөзі тілде «тақ» деген мағынаны білдіреді. Үтір намазы дегеніміз - құптан мен таң намаздары арасында рәкәт саны тақ болып оқылатын намаз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үтір намазы туралы былай деген: «Уа, Құран иелері! Үтір намазын оқыңдар! Расында, Алла тағала тақ (жалғыз) және тақты жақсы көреді» (Әбу Дәуід, Сүнен). Ханафи мәзһабы бойынша үтір намазының үкімі – уәжіп.

«Үтір» сөзі «тақ» деген мағынаны білдіргендіктен, шафиғи, малики, ханбали мәзһаб ғалымдары үтір намазы бір рәкағаттық намаз деген. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Үтір түннің ақырғы уақытында бір рәкағат» деп айт хадисі бар (Муслим, Сахих). Ханафи мәзһабы ғалымдары болса, үтір намазының үш рәкағат оқылғанын құп көрген. Себебі сахаба Әбу Аюбтан (р.а.) жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Үтір - хақ! Кім үтірді бес рәкағат етіп оқығысы келсе, оқысын. Кім үтірді үш рәкағат етіп оқығысы келсе, оқысын. Кім үтірді бір рәкағат етіп оқығысы келсе, оқысын» (Әбу Дәуід, Сүнен).Осы хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұсынған тақ рәкағаттардың қақ ортасы - үш рәкәт. Сондай-ақ Айша анамыз (р.а.) жеткізген келесі хадис те осы пікірді қуаттайды: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) үтірді үш рәкағат етіп оқитын және сәлемді ең соңында ғана беретін» (әл-Хаким, Мүстәдрәк). 

Әзреті Омар да (р.а.) үтір намазын үш рәкағат етіп оқитын. Мәдиналықтар да үтірді үш рәкағат етіп оқуды дұрыс көретін. Әбу Бәкірдің (р.а.) немересі Қасым ибн Мұхаммед мәдиналықтардың осы әрекетіне дәлел болатын сөзінде былай деген: «Балиғатқа толған уақытымыздан бері үтір намазының әрдайым үш рәкағат етіп оқылғанын көріп өстік» (Бухари, Сахих). Сондықтан ханафи мәзһабы басқа мәзһабтар бойынша үтірдің бір рәкағат етіп оқылуына қарсы шықпаса да, үш рәкағат етіп оқылуын құп көрген. Сондықтан ханафи мәзһабы бойынша үтір намазы үш рәкағат етіп оқылады.

 

 

Алау Әділбаев

Исламтанушы, Ph.D докторы

Бөлісу: