21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Ораза ұстаушыға қандай амалдар мәкрүһ саналады?

Ораза ұстаушыға қандай амалдар мәкрүһ саналады?

Сұрақ-Жауап

 Саламатсыздар ма, күнделікті өмірде ауызы берік адам қандай амалдарды жасап қойса, мәкрүһ (ұнамсыз) болып саналатыны айтып берсеңіздер.

Бұл туралы "Ислам ғылымхалы" кітабында төмендегі жағдайлар баяндалған екен.

  1. Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау – мәкрүһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.
  2. Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану – мәкрүһ.
  3. Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану – мәкрүһ.
  4. Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.
  5. Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау – мәкрүһ. Ал, жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.
  6. Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы – мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.
  7. Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.
  8. Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі – мәкрүһ. Өзіне сенсе, мәкрүһ емес. Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  зайыбын  сүйгені  және әзілдегені жайлы айтылады[1].
  9. Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.
  10. Аузы берік жанның гүл не әтір секілділерді иіскеуі, сүрме жағуы, мұртын майлауы – мәкрүһ емес.

 ______________________

[1] Ибну Мажә, Сиям, 19.

Бөлісу: