Сұрақ: Ассаламу ғалейкум! Бала кезімде атамның қуаныштан «Аллаға шүкір» деп сәжде жасайтынын көретін едім. Кейін бір жерден Халифа Алтайдың Қазақстанның егемендік алғанын ести сала шүкір сәждесін жасағанын оқыдым. Жалпы шүкір сәждесінің жасалу реті, ережесі бар ма? Әлде жәй ғана сәждеге бара ма?
Жауап: Уа ғалейкум ассалам!
Адам өмірінде талай маңызды әрі есте қаларлық сәттерді басынан кешіруі мүмкін. Мысалы, сәби сүюі, қызметке тұруы, қалағанын сатып алу, ауыр сырқаттан айығуы, сұрапыл апаттан аман қалу және т.б. Мұндай жағдайда адамда құдіретті жаратушы Алланы ұлықтап, Оған мақтау айтып, өзінің разышылығын білдіруге қажеттілік туындайды, сондықтан ол Раббысының алдында бас иеді. Осындай разылық сәждесі «Шүкір сәждеcі» деп аталады.
Көптеген ғалымдардың пікірінше, шүкір сәждені орындаудың үкімі – сүннет. Яғни Аллаға жақындата түсетін амал. Сондықтан бұл үшін сауап жазылады. Бұған Әбу Бәкірмен жеткен келесі бір хадис дәйекті дәлел болады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) жағымды хабар алған кезде немесе қуанғанында сәжде ететін».
Шүкір сәждесі Құранның белгілі бір аяттарын оқыған кезде жасалатын «тиләуат сәждесіне» ұқсайды. Бұл кезде адам бар денесімен құбылаға қарап, ниет етіп, қолдарын көтермей «Аллаһу әкбәр» деп тәкбір келтіреді. Сосын сәждеге барады. Сәждеде үш рет «сұбхана раббил-ағла» дейді де, артынша «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады.
Сондай-ақ шүкір сәждені қосымша намаздар орындауға рұқсат етілмейтін уақытта, атап айтқанда, күн көтерілген кезде, күн тас төбеде тұрған кезде және күн батып бара жатқан кезде жасауға тыйым салынады.
Ummet.kz