29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қасиетті түндерде қандай ғибадат жасаған абзал?

Қасиетті түндерде қандай ғибадат жасаған абзал?

Сұрақ-Жауап

Ассалəмүғаләйкүм,

Қасиетті айлардың ішінде бәрімізге белгілі қасиетті Рағайып, Миғраж, Бәрағат, Қадір түндері бар. Осы түндерде арнайы бекітілген ғибадаттар бар ма немесе қандай құлшылық жасаған абзал?

Уағалайкумассалам,

Алла Тағала адам баласын өзіне құлшылық етсін деп жаратқан. Олай болса, Ислам ғұламалары қасиетті түндерде Аллаға жақындататын төмендегідей амалдарды жасаған абзал деген.

- Алланың ризалығы үшін ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ хадистері және сүннетімен жеткен нәпіл намаздарды оқу. Хадисте «намаз – мүминдердің миғражы» деу арқылы Пайғамбарымыз ﷺ миғраж түнінде парыз болған бес уақыт намаздың мән-маңызын атап айтқан. Сондықтан қасиетті түндерде де мүмкіндігінше нәпіл намаздар оқыған абзал.

- Құран Кәрім оқу, тыңдау, түсінуге ынта қою. Хадисте «Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді» делінеді. (Муслим).

- Пайғамбарымызға ﷺ салауат айту, шапағат етуінен үміттену. Хадисте «Кімде-кім маған 1 рет салауат айтса, Алла ол адамға 10 рет салауат айтады, 10 қателігі кешіріліп, 10 дәрежеге көтеріледі» делінген. (Нәсай, Сәһу, 55)

- Тәубә мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізу. Қасиетті Құранда тәубәнің маңыздылығы жайында былай дейді: «Ал тәубе етіп, иман келтірген, ізгі іс істеген пендеге Алла Тағала олардың күнәларын жақсылықтарға айналдырады. Алла Тағала өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Әл-Фурқан» сүресі, 70-аят)

- Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманымызды күшейту. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» дейді (Бақара сүресі, 152-аят).

- Уағыз-насихат тыңдап, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылуға тырысу. Хадисте «дін – насихат» деу арқылы уағыз-насихаттың иманның артуына қосар зор үлесіне мән берілген.

 Ummet.kz

Бөлісу: