Соңғы жылдары елімізде дәстүрлі Исламдағы Ханафи мәзһабын мойындамайтын «сәләфия» деп аталатын ағым бой көтергендігі мәлім. Олар бұрынғы Ислам ғұламалары талқыға салып, ара-жігін айқындап қойған көптеген діни қағидаларды бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналдырып, діни сауаты төмен, қарапайым халықтың басын қатырып жүргендігі белгілі. Бұл ағымдағылар өздерін «сәләфтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» дейді. Осы орайда, сәләфтар дегеніміз кімдер? Өздерін сәләфилерміз деп жүргендер шынымен сәләфтар ма? Осы мәселеге тоқталсақ.
«Сәләфи» сөзі араб тіліндегі «сәләф» сөзінен шығады. Мағынасы: «алғашқы буын», «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Ислам дінінің алғашқы үш ғасырына жататын ғұламалар тобы «сәләфтар» деп аталған. Бұл «сәләф» ғұламалардың қатарына Исламдағы төрт мәзһабтың негізін қалаушы имамдар да жатады. Олар: Имам Әбу Ханифа, Имам Шафиғи, Имам Малик және Имам Ахмад ибн Ханбал (Алла оларды рақымына бөлесін!). Ал, бүгінде өздерін «сәләфиміз» деп жүргендердің «алғашқы буынмен», яғни нағыз сәләфтармен ешқандай байланысы жоқ. «Сәләфия» сөзін жекешелеп алғандар өздеріне пір тұтатын һижраның (мұсылманша жыл санауы бойынша) 661 жылы дүниеге келген ибн Тәймия және 1111 жылы туылған Абдулуаһһаб секілді ғалымдарының идеологиясын басшылыққа алады.
Кезінде, Абдулуаһһаб Осман империясын жалғастырушы Сәлим патшаның тұсында мұсылмандардың арасында өзінің идеологиясын кеңінен таратып, халықтың санасын сан-саққа салып төңкеріс жасағаны тарихтан белгілі. Ол – діни сауаты таяз, түсінігі саяз адамдардың санасын улап адамдар «ширк» пен «бидғат» жасап жатыр, сондықтан да оларға «таухидті» жеткізу керек» деп ұрандатып, соғысқа қан төгіске итермеледі. Сол кездегі, қазылар мен ғалымдар Абдулуаһһабтың ел ішінде таратып жүрген бағытының қате адасушылық екендігін ескерткеннен кейін ол бірненше мәрте зынданға тасталды. Тіпті, қасиетті Мекке мен Мәдинаны, Тайф т.б шаһарларды басып алып, мұсылман әскері мен Абдулуаһһабтың жақтастарының арасында жойқын қан төгіс орын алады. Соңында Осман империясының әскерлері оларды ойсырата жеңіп, қатты жазалады. Сол кездері Мекке мен Мәдинаның мүфти ғалымдары Осман империясының патшасына «уаһаби» ағымынан тазартқандығы үшін алғыс хаттарын жолдаған екен. Бұл оқиғалардың барлығы Ислам тарихы беттерінде анық айғақ-құжаттармен жазылған.
«Уаһабия» ағымын – Осман империясын құлату үшін ағылшындар ойлап тапты деген де деректер бар. Негізі, «сәләфия» ағымы – уаһһабилік ағымның жаңаша бір есімі. Егер бұл ағым «уаһһабия» есімімен бас көтеретін болса, оның негізін қалаушылардың араб елдеріндегі бұрынғы бүліктері әшкере болып қалуы мүмкін болғандықтан, олар «сәләфия» деген есіммен шықты. Демек, сәләфия ағымы мен уаһһабия ағымының илегені бір терінің пұшпағы.
«Уаһһабия» ағымы екі негізден құралған. Біріншісі: жария; екіншісі: жасырын. Жария болған негізі – «таухид» пен «ширкті» жалаулату. Жасырын түрі – мұсылман халқының айрандай ұйыған бірлігіне нұқсан келтіріп, бүлік салу арқылы дұшпандарға қызмет ету. Яғни, бірінші жария негізді бүркену арқылы екінші жасырын болған негіздерін жүзеге асыру болып табылады.
Сәләфия ағымының белгілері
1) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мойындамауы. Бұл тек біздің елдегі уаһһабилік идеологияны қолдаушылармен шектелмейді. Кез келген мұсылман елінде осы идеологияны жақтаушылар ресми болып табылатын діни басқарманы мойындамай, үнемі оған теріс әрекет етеді;
2) Тек өздерін ғана «шынайы мұсылманбыз» деп, өзгелердің барлығын, «мүшрик», ең жұмсақ айтқанда «бидғатшы» және «адасқан» деп санауы;
3) Ұлттық құндылықтарға және әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге қарсы келуі. Шариғатымызда бұл құндылықтардың орны ерекше екендігі баршамызға мәлім;
4) Сүнниттік бағыттағы төрт мәзһабты мойындамау. Қазіргі «сәләфия» ағымы – сан ғасырлар бойы халқымыздың ұстанған қалыпты діни сенімі мен танымына, дәстүрлі Ханафи бағытына қарама-қайшы ұстанымды үгіттейтін теріс ағым. Осыдан-ақ, еліміздегі сәләфия ағымының терістігін аңғаруға болады. Демек, аталмыш сәләфия ағымы елімізге соңғы жылдары шет мемлекеттерден келген жат ағым.
Уаһһабилік идеологиясы – экстремизмнің алғы шарты, бастау көзі. Экстремизм ұшқын секілді, кішкентай болып басталады, бірте-бірте ұлғаяды. Жалынның да осындай кішкентай ұшқыннан басталатыны белгілі. Кез келген елдің ел, ұлттың ұлт болып қалыптасуының негізгі 5 факторы болады. Олар: тілі, дәстүрлі діні, ділі (менталитеті), әдет-ғұрпы, ата-мекені, яғни отаны. Ал, бұл ағым жоғарыдағы бес фактордың бесеуіне де қарама-қайшы әрекет етеді. Демек, қандай да бір ағым халқымыздың қалыпты наным-сенімі мен дәстүрлі Исламдағы бағытына қарама-қайшы бағытта болса, ол оның терістігін көрсетеді емес пе? Осыдан кейін-ақ «сәләфия» ағымының дұрыс-бұрыстығына өздеріңіз баға беріңіз!
Нұрлан БЕКБОЛАТҰЛЫ,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің наиб имамы