22
Жұма,
Қараша

һижри

Алтыннан құны жоғары хадис

Мінбер

Бұл хадиске ислам ғалымдары «құны алтыннан да жоғары» деп баға берді. Хадис Халид ибн Уалидтен риуаят етіледі:

Бірде пайғамбарымыз Мухаммедке (с.ғ.с.) бір араб кісі келіп: «уа Алланың елшісі мен сізден қандай амал жасау арқылы ізгілікке қол жеткізетіндігімді сұрау үшін келдім», - деді.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «сұрақтарыңды қой мен жауап берейін», - деді.

Сұрақ қоюшы көкейіндегі сұрақтарын қойды, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) төмендегі жауапты берді:

-            Адамдардың арасындағы ең білімді болғым келеді?

-            Алладан қорық, адамдардың ең білімдісі боласың.

-            Адамдардың ең байы болғым келеді?

-            Алланың бергендеріне шүкір қыл, адамдардың ең байы боласың.

-            Ең әділетті кісі болғым келеді?

-            Өзіңе қалаған нәрсеңді өзгеге де қала, адамдардың ең әділі боласың.

-            Адамдардың ең жомарты болғым келеді?

-            Адамдарға пайда тигізуші бол, адамдардың ең жомарты боласың.

-            Алланың ең сүйікті құлы болғым келеді?

-            Сен Алланы көп еске ал, ең сүйікті құлдардан боласың.

-            Иманымның қуатты болғанын қалаймын?

-            Мінезіңді түзет, иманың қуатты болады.

-            Алладан шын қорқатын адам болғым келеді?

-            Құлшылықтарыңды сен Алланы көріп тұрғандай орында, егер сен Оны көрмесең, Ол сені көріп тұр.

-            Аллаға бойсұнушы құл болғым келеді?

-            Бұйырылғанды орында, тыйғаннан тиыл, бойсұнушылардын боласың.

-            Қиямет күні Алланың құзырында дәрежем көтерілгенін қалаймын?

-            Ешкімге қатыгездік жасама, қияметте Алла сенің дәрежеңді көтеретін болады.

-            Қияметте Алланың мейіріміне бөленуді қалаймын?

-            Өзіңе және Алланың құлдарына мейірімді бол.

-            Күналарымның азайғанын қалаймын?

-            Көп тәубе ет, күналарың азаяды.

-            Шүкіршіл құлдардан болғым келеді?

-            Ешбір нәрседе адамдарға шағымданба.

-            Барлығынан күшті - қуатты болғым келеді?

-            Аллаға тәуекел ет, барлығынан күшті-қуатты боласың.

-            Алла менің несібемді көбейткенін қалаймын?

-            Үнемі дәретпен жүр.

-            Қиямет күні Алла тағаланың маған ашуланбайтындығына сенімді болғым келеді?

-            Алланың жаратқандарының ешбіріне ашуланба.

-            Алланың менің дұға-тілектеріме жауап бергенін қалаймын?

-            Тиылған нәрселерден өзіңді аулақ ұста, Алла сенің дұға-тілектеріңе жауап беретін болады.

-            Қиямет күні Алланың құзырында кемшіліктерімнің жасырылғанын қалаймын?

-            Өз бауырларыңның кемшіліктерін жасыр.

-            Күнә мен қателіктер не нәрсемен кешіріледі?

-            Көз жасы, итағат ету және ауру.

-            Алла қай амалды жақсы көреді?

-            Көркем мінез, қарапайымдылық және қайғыға сабыр ету.

-            Алла қай амалды өте жек көреді?

-            Жаман мінез бен сараңдықты өте жек көреді.

-            Осы дүниеде Алланың ашуын қайтаратын қандай амал бар?

-            Жасырын садақа беру және ренжіскен екі адамның арасын татуластыру.

-            Қиямет күні тозақтың отын сөндіретін қандай амал бар?

-            Қайғы – мұңда сабыр ету.

-            Алла мен Оның елшісінің (с.ғ.с.) сүйіктісі болғым келеді?

-            Алла мен оның елшісінің жақсы көрген нәрселерін сен де жақсы көр, - деп жауап берді.

 

 Ж.Айтбай

«Нұр Астана» орталық

 мешітінің найб имамы

Бөлісу: