Бүгінде кейбір жастарымыз, танымайтын кісі былай тұрғанда, таныс кісілердің өзіне «қалыңыз қалай», «сәлем, көке» деп қана амандасуының өзі жаныңды ауыртады. Олардың «Ассаламуғалайкум» деп ата жолымен сәлем беруге жарамай бара жатқаны қынжылтады... Бұл, әсіресе, қалалы жерлерде көп ұшырасатын үрдіс. Қазақ дәстүрлерінің көбісі Ислам дінінің негіздері мен құндылықтарынан алынғаны мәлім. Халқымыздың сәлемдесу дәстүрі де ата дініміздің арда құндылықтарынан арқау алған.
Халқымыз дініміздің басты қайнар көзі болып саналатын Құран мен хадис құндылықтарын көпшілік қауымға түсінікті болуы үшін мақал-мәтелдерге, салт-дәстүрімізге айналдырып ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Мәселен, күнделікті өмірде көп айтылатын «Әдептілік белгісі иіліп сәлем бергені», «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген мақалдар сәлем берудің маңызын айшықтай түседі.
Сәлем берудің мұсылман өмірінде маңыздылығын арттыра түсетін аяттар мен хадистер жеткілікті. Алла Тағала Құранда мұсылмандарға сәлемдесуге әмір еткен. «Нұр» сүресінің 27-аятында: «Әй, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша, әрі үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине, ескерерсіңдер», – делінсе, осы сүренің келесі аятында Жаратушы Иеміз: «Қашан үйлерге кірсеңдер өздеріңе (мұсылмандарға) Алла тарапынан болған берекетті де, көркем амандасумен сәлем беріңдер» («Нұр» сүресі, 61-аят), – дейді. Демек, сәлем беру – Ұлы да, Мейірімді Алла Тағаланың әмірін орындау. Яғни, сауапқа қауыштырар құлшылық болып табылады.
Сәлем берген, сәлемді жалпыластырған адам Алланың әмірін орындаған есебінде сауап алатын болады. Жәбир ибн Абдулладан (р.а.) риуаят етуімен Имам Әт-Тирмизи жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Сәлем – сөзден бұрын» дегені айтылады. Ал, тағы бір хадисте Абдулла ибн Омардан (с.ғ.с.), келген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сұрақ қоюдан алдын бірінші сәлемнен бастау керек! Ал сәлемдесуден бұрын сұрақты қойған адамға келсек, онда оған жауап бермеңдер» дегенін жеткізген. Демек, халқымыздың «Сәлем – сөздің анасы» деуі де, Екі дүние Cұлтанының (с.ғ.с.) сүннетін тірілтіп, ізгілікті ұрпақтар бойы жалғасын табуы үшін, сүннеттің негізінде айтылғанын аңғарамыз. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сәлем беруді, сұрақ қоюдан алдын деп айтуы бекерден-бекер емес. Адам маңызды нәрселерді сұрайтыны белгілі. Ендеше, маңызды нәрселерден де бұрын айтылуы сәлемнің маңызды айқындай түсетіні анық. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың:
«Біздерге сәлем беру болды – сүннет,
Пайғамбар сүннетін тұт, болсаң үмбет», – деп, сәлемдесудің маңыздылығын екі-ақ ауыз өлең жолымен жеткізуі де бекер емес. Демек, сәлемдесу – мұсылмандықтың нышаны. Алланың әмірі және Расулулланың сүннеті.
Сәлем беру үрдісі – бұл дүниедегі адамдардың ғана емес, ақырет күні Жәннатта да жалғасын табатын айрықша құлшылық. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Ибраһим» сүресінің 23-аятында; «Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жәннаттағы амандасулары – «сәлем» болады»,-дейді.
Сонымен қатар, сәлемдесіп, есен-саулық сұрау – құлшылық болып қана қалмастан, қоғамдық маңызы бар айырықша ғибадат. Сәлем беріп, аман-саулық мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бірліктің себепкері. Сәлем беру, есендік-саулық сұрау дұғасымен қатар, Алланы еске алу болып табылады. Олардың арасындағы ұрыс-жанжал, қастықты жояды. Сондай-ақ, амандасу Аллаға құлшылық етіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін орындағанның белгісі. Сәлем неғұрлым көбейген сайын, сауабы да соғұрлым арта береді.
Сәлемге жауап берілуі керек. Ол туралы Алланың соңғы Елшісі Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.):
«Расында, «әс-Сәләм» – Алла Тағаланың жерде қалдырған есімдерінің бірі. Ендеше, оны араларыңда таратыңдар! Егер, бір адам басқа адамдарға сәлем айтса және олар бұның сәлеміне жауап берсе, бұл адамның басқалардан артықшылығын көрсетеді. Өйткені, ол бірінші болып басқалардың есіне салды. Ал, егер, оған басқалар жауап бермесе, ол сәлемге одан да жақсылар мен лайықтылары жауап береді»(әт-Табарани 10391, әл-Бәззар 1999). Яғни, мұсылмандардың бір міндеті берілген сәлемді алып, сауапты құлшылықтың жалғасын табуына дәнекер болу. Бүгінгі қоғамда сәлем берудің орынна «привет», «сәлем» деген сөздерді айту үрдісі қалыптасқан. Біз мұсылман ретінде бұндай сөздерден көрі «Ассаламуғалайкум» деп сәлем бергеніміз әлде қайда сауапты да орынды болып саналатыны құптарлық игі іс.
Мамлюк МҰСАЕВ,
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы