Адам баласы дүниеге келе салысымен оның бойында адамгершілік қасиеттің бірден пайда бола салмайтыны бәріңе белгілі. Адамгершілік қасиет тек имандылық тәлім-тәрбиеcі арқылы болады. Ендеше, адамның әдепті яки әдепсіз болуы жастайынан берілген тәрбиеге байланысты. Сондықтан да әке-шешенің ең әуелгі міндеттерінің бірі баланы бағып-қағып жақсы тәлім-тәрбие беруінде. Тәрбиенің адам өмірінде елеулі орын алатындығы баршаға мәлім. Атам қазақ: «Бала тәрбиесі бесіктен» деп, тәрбиені сәби кезден бастау керектігін білдірген.
Негізінде ислам ғалымдары тәрбиені жалқы және жалпы деп екіге бөліп қарастырған. Жалқы тәрбие – Ұлы Алла Тағала пайғамбарлар арқылы адам баласына үйреткен сенім-нанымдар, жақсы іс-әрекеттер арқылы жүзеге асады. Сонымен қоса, әке-шешенің бұрыс не дұрыс болсын, әйтеуір өз білгендігімен үйреткендерін де соған жатқызады. Ал, жалпы тәрбие болса, әлемнің ең кішкентай бөлшегінен бастап ең үлкен болмысына дейін Құдірет Иесінің қолымен тәрбиеленіп жатқандығын айтады. Мәселен, күн мен айдың шығыстан шығып, батыстан батуының өзі бір тәртіптік жүйемен құрылған. Жәндік екеш бал арасы да тек Жаратушының тәрбиелеген тәртібіне мойынсұнады. Оған бал жинау әмірі берілгендігі үшін одан тыс әрекет жасай алуы мүмкін емес.
Алла Тағаланың «Рабб» есімінің мағынасы – Жаратушы, Тәрбиелеуші және Басқарушы дегенге келеді. Сондықтанда Құрандағы «Рабб» сөзі «Тәрбиелеуші» дегенді меңзесе керек. Өйткені, Құран тарихына үңілсек, алғашқы түскен сүрелерде «Алла» сөзінен қарағанда, «Рабб» сөзі көбірек келгенін байқаймыз. Демек, жалпы тәрбиелеуде мәжбүрлік болса, жалқы тәрбиелеуде қалау мен ерік бар. Осы қалау мен еріктің арқасында жақсы немесе жаман тәрбие иесі боламыз.
Имам Ғазали баланының келешекте адам яки надан болуы мына факторларға байланысты деген тұжырым жасайды:
- Ата-анасы (жақсы не жаман адам болулары секілді );
- Өсіп жетілген ортасы;
- Оқыған ордасы;
- Өзінің ақылдылығынан не ақымақтығынан;
Имам Ғазали айтқанына сәйкес, кейде наданнан адам туып жатады. Бұл баланың парасаттылығы мен ақылдылығынан болса керек. Ал, кейде адамнан надан туып жатады, бұл керісінше ақымақтығынан болса керек. Халқымыз бұл жағдайды «Бір биеден ала да , құла да туады» деп түйіндеген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Бала фытратпен (болмысы пәк таза) туылады, кейін әке-шешесі христиан болса, христиан етеді, мажуси (отқа табынса) болса, мажуси етеді, яһуди болса, яһуди етеді». Мына хадиске мән берсек, бала әке-шешесінің әрбір сөзі мен іс-әрекетіне қарай бейімделіп, ақылын қолданатын шаққа келгенше өзінің таза пәк жаратылысын бұзып алып, ары қарай ақылын қолданып дұрыс жол тапса тапты, таппаса сол ағыммен кете бермек.
Айналамызға қарасақ, кейбір иісі мұсылман жас буындардың Еуропаға еліктеймін деп жүріп, есіргендерін көресің. Оның нәтижесі ұрлық-қарлық, арақ ішу, есірткі шегу және зорлық-зомбылық, нақақтан-нақақ кісі өлтіру, өз әке-шешесін қарттар үйіне апару, өз ішінен шыққан баласын жетімдер үйіне тастау немесе ата-анам демей қарсы жекіп сөйлеу сияқты факторлар қоғамымызда шаш етектен толып жатыр. Сонда осылардың барлығына кім кінәлі? Менің ойымша, балаға дұрыс тәлім-тәрбие бере алмаған әке-шеше кінәлі. Қазақ халқы «Баланы жастан» деп жайдан-жай айтпаған. Балаға дер кезінде берілуі керек болған тәрбиеге немқұрайлылық танытып немесе дүниеқоңыздыққа, қатыгездікке және өзімшілдікке тәрбиелеудің салдарынан болары хақ. Әрине, ата-ана олай болуын қаламайды. Алайда іс насырға шапқанда ғана бармақ тістейді. Мұндай жағдайларға түсудің бірден-бір себеп, көбіне ата-аналарымыз қоғамдық яки жанұялық мәселелерді Исламның қағидасымен шешпей, өз беттерінше кесіп-піше салудың нәтижесі деп білемін. Сөзімді жандандыруым үшін атақты ислам философы Мұхаммед Икбалдың сөзімен қуаттағым келеді: «Өміріміз бен тәрбиеміздің басты негізі – Ислам болуы керек. Біліміміз бен ақылымыз дінге сүйенбейтін болса, оның түкке пайдасы жоқ», – деп дөп басып айтқан.
Көпке топырақ шаша алмаймын, дегенмен ата-ананың басым көпшілігі баланы заманына сай жақсы киіндіріп, дұрыс тамақтандырып, айтқанын екі етпей орындап баланы жақсылап тәрбиелеп жатырмыз деп ойлайды. Бұл дұрыс па? Меніңше бұны тәрбиелеу емес, олардың өмір сүрулері үшін белгілі мұқтаждықтарын тауып беріп, қамтамасыз ету десек, ақылға қонымды болар еді. Баланың материалдық азығы мен қоса рухани да азығы болады. Материалдық азығы әркімге де белгілі (жеп-ішу, киіну сияқты, т.б.), ал рухани аш тұсын тауып, оған қажетті азығын беру оңайға соқпайды. Сондықтан да ата-ана рухани азықтың не және қандай екенін, не істеу керектігін алдын ала жақсылап пішіп алғаны жөн. Әу баста әке-шеше балаға тәлім-тәрбиені дұрыс бере алмаса, қартайғанда балаларының зейнетін емес, қайта олардан бейнет көрумен өтеді. Ол – ол ма, қиямет-қайым күні өз бала-шағасы Алла Тағалаға наразылықтарын білдірген күні оларды танымайтындай безетін күн болады. Сондықтанда мұндай халге түспеудің жолын Құран Кәрімдегі «Тахрим» сүресі 6-аятта: «Әй, иман келтіргендер! Өздеріңді және үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған жалынды оттан қорғаңдар», – деп алдын ала ескертіп қойған.
Тәрбиенің қайнар бұлағы Құран және хадис болып табылады. Құран – мұсылмандардың қасиетті кітабы, шариғаттың негізі, адамзаттың тәрбиешісі. Құранның басты мақсаты адам болмысының жан тәнін кірден арылтып, жанын жайландырады. Сол үшінде қолымыздағы Құран мен сүннет кітаптарға баға жетпес құндылықтарымызды дұрыс пайдаланып, болашақ жастарымызға жақсы тәлім-тәрбие берейік, ағайын!
Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы