22
Жұма,
Қараша

һижри

Адамгершілік – мүминге тән сипат

Мінбер

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Алла тағала Құран кәрімде кашанда мұнафықтардың сипаттарын баяндаған соң, міндетті түрде мүминдердің сипаттарын баяндап береді. Мысалы, «Тәубе» сүресінің жетпіс бірінші аятында былай деп айтқан: «Мүмин ер, мүмин әйелдер біріне-бірі көмекші. Олар жұртты жақсылыққа үндеп, жамандықтан сақтандырады. Намаздарын толық орындайды, зекет береді. Аллаға, оның Елшісіне бойұсынады. Алла оларға мейірім төгеді. Анығында, Алла ұлы данышпан».

Осы аяттар негізінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің сахих хадистерінде мүмин сипаттарын толық баяндап берген. «Мүминдердің сипаттары олардың достығында, бір-біріне мейірімділігінде бір дене сияқты болады. Егер де дененің бір мүшесі ауырса, дененің барлық мүшелері ол мүминмен бірге ауырады» (Сахих хадис).

Хазрет Али (р.а.) айтқан: «Мүмин адамның сипаты, мінез құлқы он нәрсемен байланысты. Біріншісі, мүминнің діндарлығы. Екіншісі, ақылдылығы және әрбір істі ақылмен шешуі. Үшіншісі, оның жомарттығы. Төртіншісі, кешірімділігі мен мейірімділігі. Бесіншісі, білімділігі мен тапқырлығы. Алтыншысы, шыдамдалык. Жетіншісі, Алла тағаланың берген нығметтеріне шүкірлік етуі. Сегізінші, әдемі, маңызды сөз сөйлеуі. Тоғызыншысы, қайырымдылық пен жақсылығы. Оныншысы, оның барлық қиыншылықтырғы сабыр ете білуінде» деген.

Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деу арқылы көркем мінездің өзінің пайғамбарлық ұлық мақсатымен тікелей байланысты екенін көрсетіп кеткен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. мінез-құлқы – Құранның тәлім берген сүттен ақ, судан таза ұстанымдарының жиынтығы. Айша (р.а.) анамыздан Пайғамдарымыздың (с.ғ.с.) мінезі жайлы сұрағанда: «Сендер Құран оқымайсындар ма? Пайғамбардың мінез-құлқы – Құран ғой» деп жауап беруі осының дәлелі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра: «Алла тағалам, жаратылысымды әдемі қылып жаратқанындай, мінезімді де көркем ет» деп үнемі Алла тағаладан жалбарына сұраған.

Көркем мінез – дінімізбен  қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптен, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстурге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспесіне күмән жоқ.

Алла тағала қасиетті Құранда: «Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, тәтті тағамдармен қамтамасыз еттік. Жан біткеннің көбінен олады үстем еттік. (Исра сүресі, 70 аят) дейді.

Омар ибн Ас және Абу Хурайра (р.а.) риуаятында айтады: Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алдына келіп сұрадым: «Иә, Расулла (с.ғ.с.), адамдардың білімдісі кім?». Пайғамбар (с.ғ.с.) айтты: «Ақылды адамдар». Тағы сұрадым: «Адамдардың ең жақсысы кім?» Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Ақылды адамдар». Тағы да Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтты: «Әр бір нәрсенің негізі бар (байланысы), ал мүмін адамдардың негізі, байланысы бұл ақыл, әр бір қауымның басшысы болады, ал мүмін адамдардың басшысы ақыл. Әрбір ғимараттың тірегі болады, пенделердің тірегі – ақыл».

Алла тағала Құран  кәрімде былай деп айтады: «Расында адам баласын ардақты қылдық» (Исра суресі 70 аят). Бұл аятта Алла тағала адам баласына ақыл беріп, ардақтадық дейді. Ал басқа жағынан адам баласы Алла тағала алдында бірдей, тек тақуалық арқылы ажыратады. Ал Алла тағаланың адам баласына берген ақыл – үлкен нығмет.

Адамгершілік қасиеттері тұралы хазретіПайғамбар (с.ғ.с.) көрсеткен үлгісі болғандықтан, ол барша мұсылмандар үшін өте маңызды. Алла тағала «Ахзаб» сүресінің 21-ші аятында: «Расында сендер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» делінген.

Ислам дінін ұстанған адамға «мұсылман», «мүмин» деп айтамыз. Мұсылман, мүмин адам өзінің атына заты сай болуы керек. Біздің мешіттің атын иеленген шешен-ингуш халқының ұстазы Шейх Күнта қажы бір сөзінде айтқан екен: «Екі мүмин адам исламда, бір адамның екі қолы сияқты, қандай бір қол екінші қолды тазалауға көмектеседі, мүмин адамда бір-біріне осындай көмектесүге міндетті болады».

Жалпы, жақсылығы тимесе де, мұсылман адамның өмірде ешкімге жамандығы болмауы тиіс. Өйткені, ол қылдай қиянаттың ақыретте таудай сұрағы барын жақсы біледі. Осы себепті мүмин адам басқа мүмин арасындағы сыйластығына қатты мән береді. Мүмин мұсылман бауырын ренжітпеуге, көнілене келетін іс-әрекеттер жасамауға, оған қандай да бір залалын тигізбеуге тырысады. Әбу Хурайра риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: (с.ғ.с.) «Уаллаһи, мүмин емес, уаллаһи, мүмин емес, уаллаһи, мүмин емес» деп кейиді. Кімді айтқаның сұрағанда «Көршісіне залал тигізетін адам» деген екен. Сол сияқты басқа бір мүмин бауырына зиянын тигізбеуді қатты ескерткен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Мүміндердің иман тұрғысынан ен кемелі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны». Мүмин адам ағайын-бауырлары ауырып-сырқап қалғанда – көңіл сұрау, той-томалақ, өлім-жітімде бірге атқарысып, шамасы жетпей, қолынан келмей жатқан жағдайда момын бауырына қол үшін беріп көмектесуі оның мұсылмандығының негізгі сипаттарынан.

Қорыта келгенде, елдің бейбіт өмірін қолдайтын Ислам діни жоғарыдағы аят-хадистер негізінде мүмин мұсылмандарды бір бірімен тәту-тәтті өмір сүруге шақырады. Алланың әмірін, Пайғамбарымыздың өсиеттерін бәрінен жоғары қоятын мүмин мұсылман үшін ата-ананың, сүйікті жарының ақылары секілді мүмин бауырының ақысына да ерекше көңіл болу өте маңызды. Себебі, махшар күнінде мүмин бауырымен болған қарым-қатынасы үшін де сынға алынатынын ұмытпағаны дұрыс.

Мейірім, адамгершілік болмаған жерде сүйіспеншілік те, сыйластықта болмайды. Олай болса, мүмин мұсылмандарды бір-біріне бауыр басуы тек қана мейірім арқылы жүзеге асады. Алла тағала жүректерімізді бірлестіріп, кәміл мүмин, хазірет Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) лайық үмбет болуды нәсіп етсін! Әумин! 

Яхияқажы АБДОЛЛАҰЛЫ,

 «Шейх Кунта қажы»

мешітінің бас имамы,

Қазақстан халқы

Ассамблеясының мүшесі

Бөлісу: