23
Сенбі,
Қараша

һижри

Мүміндерге дұға тілейтін және көмектесетін періштелер

Мүміндерге дұға тілейтін және көмектесетін періштелер

Иман келтіру

Құран Кәрімде мүміндердің әрдайым қасында болатын, оларға қолдау көрсететін, олардың кемшіліктері мен күнәларының кешірілуі үшін дұға жасайтын періштелер туралы айтылады. Хадис мәтіндерінде де бұл мәселе анық айтылған кездері бар.

Бірақ періштелердің мүминдердің кешірімі үшін дұға етуі, үлкен күнә жасаған, дүниеде жүргенде харам-халалдың не екенін білмеген адамдарға емес, шын көңілден иман етіп, иман еткен нәрселерін өмірде қолдануға тырысқан адамдарға бағытталады. Негізінде тура жолдан адаспауды көздеген мүминдер Алла Тағаланың рахымынан үміт етумен қатар, өздерін Оның азабынан сенімді түрде қауіпсіз санамайды. Осындай құлдарына сүйіншілеу үшін Алла Тағала періштелерін жіберіп, оларды сүйіншілейді.

Бұл мәселе Құран Кәрімде былай баяндалады:

«Шүбәсіз, Раббымыз – Алла деп, сосын тура жолда жүргендерге топ-топ періштелер түсіп, былай дейді: «Еш күдіктенбеңдер, еш қысылмаңдар, міне сендерге дүние уәде етілген Жәннат сүйіншісі! біз, дүниеде де, ақыретте де сендерге жан дос боламыз. Кешірімді, рахымды Алладан бір сый ретінде, ол жерде көңілдерің қалаған барлық нәрсеге ие болып, қалаған нәрселеріңнің барлығына қол жеткізесіңдер» («Фуссилат», 41/30-31)

Бұл періштелер қай кезде түсіп, бұл сүйіншіні қашан әкелмек? Аталмыш сүйіншілеу дүниеде де, өлім сәтінде де, қабірде де, қайта тірілгеннен кейін де болуы мүмкін. Өйткені, аятта нақты бір уақыт туралы айтылмайды.

Дүниеде жүргенде періштелердің келіп, мүминдердің иман-күпірлік, харам-халал мәселесінде жолыққан қиыншылықтар кезінде қасында болуын, Алланың ризашылығын көздеп шешім беру керектігін, осылай болған жағдайда нәтижесі Жәннат болатындығын ескертуі түрінде түсінуге болады. Олардың өлім сәтінде, өлімнен кейінгі тірілу кезінде келуі мүминдердің, өлімнен және қабірден қорықпауы керектігін, өйткені қабірде де Жәннатқа барғанға дейін де мүминдермен бірге болатындығын айтқаны түрінде түсінуге болады.

Періштелер осы дүниеде келгендігін көре алмауымыз, олардың көмек, қолдау және сүйіншілеу үшін келмейтіндігі, мұны тек қана символикалық мағынаны білдіретіндігі деген сөз емес. Алланың біздің өмірімізге қатысты қойған заңдары періштелердің біздің тарапымыздан негізгі болмысымен көрінуі түрінде емес, олар біздің көзімізге көрнеу, құлақтарымызға аян айтып келмейді. Бұл тек пайғамбарларға тән құбылыс. Періштелер мүминдердің жүректеріне кіріп, оларға батылдық, табандылық, сабырлылық береді. Олардың өздерінде сезінген рахаттану, күпірліктен, серік қосудан және харамнан қашқан кезде сезінген Жәннат сағынышының белгілі бір мөлшерде періштелердің ықпалымен болатындығын, олардың мүминдердің қашан да қасында екендігін жоғарыдағы аяттың мағынасынан түсінуге болады.

материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: